Мемлекет басшысы «Қазақстан – Еуропалық Одақ» дөңгелек үстеліне қатысып, сауда, инвестиция және өнеркәсіп салаларындағы әріптестікті кеңейту мәселелеріне тоқталды
Брюссельде Еуроодаққа мүше мемлекеттердің бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – Еуропалық Одақ» дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Бүгінде Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып отыр. Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен жартысы ЕО елдерінің үлесіне тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде де мойындалды. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) дүниежүзілік инвестициялар туралы соңғы баяндамасына сәйкес, Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда бірінші орында тұр. Сонымен қатар посткеңестік кеңістіктегі және теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекеттер арасындағы көшбасшылық орнын сақтап келеді.
Қазақстанда төрт мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді ондаған жылдар бойы сенімді серіктес болып келе жатқан кәсіпорындар бар. Біз сондай-ақ Roca Group, Inditex, Maersk, Dewulf және Damen Shipyards Group сияқты еуропалық инвесторлардың жаңа буынын қуана қарсы аламыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы осы сапар аясында жалпы құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылады деп күтіліп отырғанын айтты.
Оның пікірінше, бұл Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы серіктестік тұжырымдамалық деңгейден нақты іске көшкенін көрсетеді.
Президент соңғы жылдардағы Қазақстан экономикасының жетістіктері мен оған негіз болған жүйелі реформалар туралы да айтты.
«Қазақстан экономикасы тұрақтылық пен қарқынды дамуды көрсетіп келеді. Өткен жылы еліміздің экономикалық өсімі 6,5 пайызға жетті. Бұл Халықаралық валюта қоры болжаған жаһандық өсім қарқынынан екі есе жоғары көрсеткіш. Жалпы ішкі өнім көлемі 305 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың долларға жетті.
Халықаралық валюта қорының болжамынша, биыл Қазақстан экономикасының көлемі 360 миллиард долларға дейін өседі. Қазіргі таңда шағын және орта бизнес экономикамыздың шамамен 40 пайызын құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 70 пайызға жуығы осы сектордың үлесінде.
Бұл жетістіктердің негізінде ауқымды құрылымдық реформалар жатыр. Қазақстан саяси және экономикалық жаңғырудың кең көлемді кезеңін бастан кешіріп жатыр. Оның басты мақсаты – ашық, бәсекеге қабілетті әрі инвесторларға қолайлы экономикалық орта қалыптастыру.
Біз демократиялық институттарды нығайттық, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік тетіктерін жетілдірдік, заң үстемдігін күшейтіп, адам құқықтарын қорғау жүйесін кеңейттік.
«Заң және тәртіп» қағидатын қатаң сақтау ішкі саясатымыздың басты бағытына айналды. Сондай-ақ Қазақстанда өткен тарихи жалпыхалықтық референдум инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған заманауи институционалдық негіз қалыптастыруға ықпал етті.
Қазіргі уақытта Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторларға арналған толыққанды «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ал Инвестициялық кеңес инвестициялық жобаларға қатысты мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұдан бөлек, халықаралық инвесторлар үшін салықтық және көші-қон саласындағы кең ауқымды жеңілдіктер қарастыратын Altyn Visa бағдарламасы секілді жаңа ынталандыру тетіктерін енгізіп жатырмыз.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан инвесторлар үшін ең маңызды саналатын артықшылықтарды ұсына алады. Олар – саяси тұрақтылық, макроэкономикалық орнықтылық, ашық экономика және нарықтық реформаларға берік ұстаным», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.