Қазақстанда БҰҰ-ның Өңірлік орталығы құрылады: Тоқаев заңға қол қойды

Автор: Алмас Ерсін

Құжаттар ресми жарияланғаннан кейін күшіне енеді

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның Өңірлік орталығын Қазақстанда құру туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Құжат Қазақстан аумағында Орталық Азия елдері мен Ауғанстандағы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелерімен айналысатын өңірлік орталықты ресми түрде құруды көздейді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы аталған орталықтың қызметіне қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы заңға да қол қойды.

Екі заң да ресми жарияланғаннан кейін күшіне енеді. Құжаттардың мәтіндері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Өңірлік орталық экономика, экология, әлеуметтік саясат және өзге де бағыттар бойынша бірлескен жобаларды үйлестіруге, тәжірибе алмасуға және ортақ шешімдер әзірлеуге арналған алаң болады деп күтілуде.

Бұған дейін БҰҰ Каспий теңізінің алдағы 50 жылдағы жағдайына қатысты алаңдатарлық болжам жасаған болатын. Ғалымдардың пікірінше, жаһандық жылыну мен қарқынды булану теңіздің алдағы жарты ғасыр бойы тайыздануына себеп болуы мүмкін.