«Қазір біз үлкен өзгерістің алдында тұрмыз»: Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясының тарихи белестері туралы айтты

Автор: Темірхан Айжан

Партияның «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты», «Тұрғындар аманаты» сияқты әлеуметтік жобалары қолдауға ие болды 

Фото: facebook.com/y.koshanov/

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов елдегі саяси реформалар мен партияның атқарған рөліне кеңінен тоқталды. Тарихи тұрғыдан қысқа уақыт ішінде түбегейлі саяси реформалар жасалып, батыл шешімдер қабылданып, мемлекеттік институттар жаңғыртылғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз партияның саяси тұғырнамасын бірге қабылдадық. Оның әр сөзі мен әр бағытын, мақсат-мұратын жүрегімізден өткізіп, бірлесіп жаздық. Сол кездің өзінде-ақ «өзгеріс өзімізден басталады» деген ұстанымды берік бекіткен болатынбыз. Біз осы күнге дейін «оң өзгеріс» қағидатын ұстанып келеміз. Бұл принцип қоғамдағы әділдікке, жаңаруға, жаңғыруға және ашықтыққа деген үлкен сұранысты білдіреді. Осыны терең түсінген Мемлекет басшысы елімізді түбегейлі жаңғыру жолына бағыттады. Соның нәтижесінде бұрын-соңды болмаған ауқымды реформалар қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары шын мәнінде жаңа қоғамның іргетасын қалап, мемлекеттің жаңа бет-бейнесін қалыптастырып жатыр.

Билік пен байлықтың бір қолға шоғырлануына жол бермеу бағытында маңызды қадамдар жасалды. Әр азамат өз жауапкершілігін, қоғамдағы рөлін терең сезіне бастады. Мемлекеттің болашағына тікелей қатысы бар екенін ұғынды. Араға отыз жыл салып, 2022 жылы алғаш рет референдум өткізілді. Сол жылы әділ, ашық әрі бәсекелі сайлау өтіп, халық өзі сенім артқан Президентін таңдады. Кейінгі кезеңде парламенттік жүйе күшейіп, елде бірнеше партияның Мәжіліске өтуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ АЭС құрылысы бойынша да жалпыхалықтық референдум өтті.

Осы маңызды қадамдардың табиғи жалғасы ретінде жаңа Конституция қабылданды. Бұл – еліміздегі саяси трансформацияның ең жоғары нүктесі болды. Жаңа Ата заң өркендеген, дамыған Қазақстанның келешек келбетін айқындап, азаматтардың бойына сенім ұялатты. Оның өзегінде әділет пен теңдік, бірлік идеясы жатыр. Қазір бұл құндылықтар қоғамның ортақ ұстанымына айналып келеді. Мұның барлығы Мемлекет басшысы айтқан «әділетті, прогрессивті, қуатты Қазақстан» құру идеясының нақты жүзеге асуы.

Осы ірі өзгерістердің барлығында «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси тірегі ретінде маңызды рөл атқарды деп сеніммен айтуға болады. Президент бастамалары мен реформаларын жүзеге асырудың басты қозғаушы күштерінің бірі – партия мүшелері болды», - деді ол.

Ерлан Қошанов партияның популизмге емес, нақты іске және нақты нәтижеге жұмыс істегеніні еске салды. Оның нәтижесі – халықтың көз алдында. Партияның «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты», «Тұрғындар аманаты» сияқты әлеуметтік жобалары кең қолдауға ие болып, жалпыұлттық қозғалысқа айналды.

Мәжіліс спикері атағандай, бұл жобалардың барлығы азаматтардың табысын арттыруға, несие ауыртпалығын азайтуға, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Ең басты ерекшелігі – бұл бастамалардың бәрі тікелей азаматтардың қатысуымен жүзеге асып жатыр.

«AMANAT» партиясы қоғамдағы ең өзекті мәселелермен жүйелі түрде айналысып келеді. Соның бірі – тұрғындардың шамадан тыс несие жүктемесі. Бұл мәселе елдің барлық өңірінде өзекті болып отыр. Осыған байланысты «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Қарапайым бастамадан басталған бұл жоба бүгінде 1,5 миллионнан астам адамды қамтып отыр. Бұрын бір адамның 20–25 несиеге дейін алған жағдайлары кездескен болса, қазір осы бағдарлама арқылы көптеген азаматтар тығырықтан шығуға мүмкіндік алды.

Ауыл мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға жағдай жасалды. Нәтижесінде ондаған мың жұмыс орны ашылып, ауыл азаматтарының табысы артты. Бұл сандардың артында мыңдаған отбасы мен жүз мыңдаған адамның тағдыры тұр.

Сондай-ақ жер мәселесі бойынша да үлкен жұмыс атқарылды. Бұрын заңсыз пайдаланылған, игерілмей жатқан миллиондаған гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоғарыда айтылғандардың барлығы – біздің халықпен бірге жасаған сайлауалды бағдарламамыздың нақты орындалуының көрінісі», - деді ол

Ерлан Қошанов жиынға келген әрбір тұлғаны мемлекетшіл, халықшыл азамат деп санайтынын жеткізді. 

«Қазір біз үлкен өзгерістің, үлкен таңдаудың алдында тұрмыз. Тағдырлы шешімдер талқылануда. Жасыратыны жоқ, бұл мәселені тек біз ғана емес, бүкіл қоғам талқылап жатыр. Әр түрлі пікірлердің болуы – қалыпты әрі табиғи құбылыс. Осындай жағдайда елдегі ең ірі саяси күш ретінде қоғамның назары ең алдымен «AMANAT» партиясына ауатыны түсінікті. Біз төрт жылдан астам уақыт бойы тынымсыз жұмыс істеп келеміз. Осы аралықта үлкен жолдан өттік, талай белесті бағындырдық. Сол жолда қандай қиын мәселе болмасын, біз оны ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен шешіп келдік.

Біздің қатарымызда мыңдаған шахтерлер, мұнайшылар, металлургтер, кәсіпкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер және жастар бар. Біздің басты байлығымыз – осы адамдар. Біз осы азаматтармен бірге талай сыннан өттік, талай тәжірибе жинадық. Осы адамдармен бірге талай жауапты науқандарды, соның ішінде электрондық сайлаулар мен референдумдарды да абыроймен өткіздік. Барлық үдерістерде біз ұйымшылдық танытып, әрдайым жеңіске жетіп келдік. Осы мүмкіндікті пайдаланып, әрқайсыңызға шын жүректен зор ризашылығымды және алғысымды білдіремін», - деді ол

Сөз соңында Ерлан Қошанов партия мүшелеріне алғыс білдіріп, елдегі маңызды шешімдер алдында қоғамның назарында «AMANAT» партиясының рөлі ерекше екенін атап өтті.