Бұл жерде ең бастысы – саяси бірігу, күштердің консолидациясы
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясының «Әділетпен» бірігуінің себебін атап, кулуарда журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, партия мемлекеттің мүддесін жоғары қойып отыр.
«Менің ойымша, бұл сұраққа бүгінгі съезде толық жауап берілді. Сіз бірігудің себебі неде деп сұрап отырсыз ғой. Бүгін біз мемлекеттік мүддені жеке партияның мүддесінен жоғары қойып отырмыз. Алдымызда сайлау келе жатыр. Бірақ мемлекеттің дамуы бір сайлаумен ғана аяқталмайды. Сондықтан біз болашақты, алдағы стратегиялық мақсаттарды ойлап, бүгін мемлекет басшысын қолдайтын, мемлекетшіл және прогрессивті күштердің бір жұдырық болып біріккенін қалаймыз. Президенттің Көк тудың астында тұрып бір тудың астына бірігу туралы айтуының өзі символикалық мәнге ие деп ойлаймын. Бұл – Рәміздер күні айтылған үндеу. Біз сол үндеуді қабыл алдық. Сонымен қатар жаңадан құрылған «Әділет» партиясы және басқа да күштер бар. Біздің идеологиямыз, принциптеріміз, құндылықтарымыз, идеяларымыз, тіпті саяси платформамыз да бірдей. Бізге дауыс беретін электорат та ортақ. Сондықтан бір алаңда бір-бірімізбен иық тіресіп, бәсекелес болып жүргенше, күшімізді біріктіріп, бірге жұмыс істейік деген шешімге келдік», – деді ол.
Ерлан Қошанов мұны екі партияның бір мақсатқа топтасуын «Әділет» партиясына жасалған қиянат деген түсінікпен келіспейтінін жеткізді.
«Мен оны қиянат деп есептемеймін. Себебі қиянат дегеніміз – тұрақсыздық, өз идеяңнан, құндылықтарыңнан және принциптеріңнен ауытқу. Ал біз өз қағидаттарымызды, идеяларымызды және саяси платформамызды сақтаймыз. Біріккеннен кейін де жаңа партияға өткен мүшелер осы принциптерінде қалады. Сондықтан бұл ешқандай қиянат емес, қайта жаңа деңгейге көтерілу деп есептеймін», – деді ол.
Ерлан Қошанов жаңа партияда қазіргі депутаттарға орын табыла ма деген сұраққа жауап берді.
«Біз ешкіммен қоштасып жатқан жоқпыз және ешкіммен жаңадан амандасып жатқан жоқпыз. Біз бүгінгі күнмен өмір сүріп, алға қарай жылжып келеміз. Біз жаңа Конституцияны қабылдадық, алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Сондықтан өткенге емес, болашаққа қараймыз. Ал жаңа тұлғалар мәселесіне келсек, оны партия шешеді. Менің ойымша, онда да жаңа тұлғалар болады, сондай-ақ қазіргі депутаттардың бірқатары да жаңа құрылтай құрамына өтеді. Бірақ түпкілікті шешімді халық қабылдайды. Қанша орын болатынын халықтың таңдауы анықтайды. Менің ойымша, «AMANAT» партиясы мүшелерінің абсолютті көпшілігі, мүмкін барлығы да, жаңа партияға өтеді», – деді ол.
Сондай ақ ол екі партияны бірінен кіші, бірінен үлкен деп бөлуге келмейтінін атап өтті.
«Бұл жерде ең бастысы – саяси бірігу, күштердің консолидациясы. Ал «кім кімге қосылды» деген мәселе – заңнамалық рәсімдеу ғана. Ол негізгі мәселе емес. Негізгі мәселе – осы екі партияның күш біріктіруі. Бұл ешқандай тапсырма емес. Бұл – партияның өзінің ішкі процесі және ішкі шешімі. Сондықтан мұны мемлекет басшысының тапсырмасы деп қарауға болмайды. Өйткені бүгінде Мемлекет басшысы ешбір партияның мүшесі емес» – деді ол.
Ерлан Қошанов өзінің алдағы уақытта немен айналысатыны туралы ашып айтпады. Ол 1 шілдеге дейін Мәжіліс төрағалығын жалғастыратынын мәлімдеді.