Біз қазіргідей жауапты сәтте «Әділет» партиясымен бірігуіміз керек – Ерлан Қошанов

Автор: Бақыт Шынар

Ол бұл мәлімдемесін партияның бүгінгі сьезінде айтты

Фото: партияның баспасөз қызметі

Бүгін «AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезінде сөз сөйлеген партия төрағасы Ерлан Қошанов партия жаңадан құрылған «Әділет» партиясымен бірігу туралы шешім қабылдағанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен Қазақстанның әр өңірінде болған кездесулерімізді ұмытқан жоқпын. Ол кездесулердің қандай қиын болғанын әріптестеріміздің көбі біледі. Кейбір кездесу тіпті бірнеше сағатқа созылатын. Кейде партиямызға сын айтылса, кейде мәселе шешілетін. Ең бастысы – біз ешқашан ешқандай мәселеден қашқан емеспіз. Біз өзара келісім таба білдік. Мәселені шешіп, мойнымызға жауапкершілік алдық. Сондықтан, бүгін біз Президент қойған тапсырмаларды орындадық деп айта аламыз. Бұл партияластардың, белсенділер мен мүддесі ортақ азаматтардың еңбегі. Мен әрқайсыңызға ризамын. Дәл сіздер өз аймақтарыңыздағы өзгерістің қайнар басында тұрдыңыздар. Дәл сіздер тұрғындар алдында президенттік реформаларға деген сенімді күшейттіңіздер. Сондықтан, біз халықтың көзіне ұялмай қарай аламыз», - деді Қошанов сөз басында.

Ал, Қошанов атап өткендей, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталған.

«Жуырда ғана президент еліміз тұрақты дамудың жаңа магистральді жолына түсуі керек деді. Яғни, ел өміріндегі трансформацияның үлкен кезеңі аяқталып, жаңа кезеңі басталды. Елмен бірге өсіп, елмен бірге өзгерген партияның өмірінде де белгілі бір кезең аяқталды. Сондықтан, бүгінгі сьезд шынымен де маңызды. Бәріміз білетіндей, алға басу үшін қорықпай әрекет етіп, батыл шешімдер қабылдау керек. Ұлы халықтарды артқа қарайтындар емес, болашақты болжай алатындар құрады деп бекер айтпаған. Осы жылдары біздің президент дәл осыны көрсетіп келеді», - деген Қошанов Махатма Гандидің қанатты сөздерін де айтты. 

Осылайша ол партия өз қызметі кезінде барлық міндетті абыроймен атқарғанын айтып, болашаққа қатысты жоспарын жария етті.

«Қазақстан қазір дамудың даңғыл жолына түсті. Сондықтан, біз осы жауапты сәтте жаңадан құрылған «Әділет» партиясымен бірігуіміз керек. Президенттік күштің ішінде жаңа Қазақстанның дамуы үшін жұмыс істейміз. Біз өз ұстанымдарымыздан бас тартпаймыз, керісінше, оларды жаңа даму кезеңіне шығарамыз», - деді Қошанов.