Үкіметтің алдында экономиканың жоспарлы дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық даму туралы есебін тыңдады.
«Еліміздегі коронавирус жұқтырғандардың саны 2,1 пайызға төмендегенін, ауруханалардағы індетке шалдыққан азаматтарға арналған жалпы төсек-орынның 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін көбейгенін, реанимациядағы орындар 12 пайызға, станционардағы төсек-орындар 25 пайызға азайғанын айтты. Сондай-ақ COVID-19 індетінен жазылып шыққандар 63 пайызға артып, жедел-жәрдем шақыртушылар саны 31 пайызға төмендеген», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Қазақстан Президентіне барлық өңірлердегі тұрақтандыру қоры қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылып, ауруханаларды өкпені жасанды желдету және оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.
Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа шектеу шаралары кезінде кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, жұмыспен қамыту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер жөнінде айтты.
Мемлекет басшысы Премьер-Министрге аймақтарды, әсіресе, ауылдарды қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды. Президенттің айтуынша, пандемия кезінде және одан кейінгі уақытта Үкіметтің алдында экономиканың жоспарлы дамуын қамтамасыз етіп, азаматтардың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру міндеті тұр.