Берік Уәли Президенттің Twitter-дегі түнгі жазбасына қатысты пікір білдірді
Президент кеше Twitter-де түнгі 01.30 уақытында жазба жариялаған еді
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли zakon.kz-ке берген сұхбатында Тоқаевтың Twitter-дегі түнгі жазбасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы аптасына жеті күн жұмыс істейді деп кесіп айта аламын, туындаған қиындықтарға шұғыл жауап беріп жатады. Дағдарысқа қарсы күн тәртібімен қатар, ол мемлекет дамуының ұзақ мерзімді міндеттеріне: экономиканы, әлеуметтік саланы қолдау мәселелеріне үлкен көңіл бөледі», – дейді ол.
Сондай-ақ ол Президенттің әлеуметтік желілердегі кейбір жазбаларының неге кеш жарияланатынын да түсіндірді.
«Президенттің Twitter-дегі кей жазбалары түнде пайда болатынын дұрыс байқағансыздар. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы ел өміріндегі жағдайларды қалт жібермей қадағалап отырады және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі мәліметтермен танысуға әрқашан уақыт табады. Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы қажет деп санаса, онда ол қоғамды елең еткізген маңызды оқиғаларға қатысты өз көзқарасы туралы кез келген уақытта жазба жариялап, қажетті нұсқаулар береді. Жұмыс кестесінің тығыз болуына байланысты кейде мұндай жазбалары кеш шығуы мүмкін екендігі түсінікті болар», – деді Берік Уәли.
Айта кетейік, Президент табиғат аясындағы ел азаматтарының әдепсіздігін сынаған жазбасын кеше Twitter-де түнгі 01.30 уақытында жариялаған еді.