Кеше елге келген елші ресми іс-шараға қатысты
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы жаңа елшісі Чжон Кихон ресми түрде жұмысына кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жайлы елшіліктің «Диаспора саясаты және тарихи мұра: этникалық корейлер қауымдастығы арқылы корей-қазақстан ынтымақтастығының болашағы» тақырыбындағы халықаралық семинарында белгілі болды.
Қазақстанға жуырда ғана тағайындалған жаңа елші Чжон Кихон алғаш рет ресми іс-шараға қатысып, сөз сөйледі.
«Мен кеше ғана Қазақстанға ұшып келдім. Бүгін ресми түрде тарихи іс-шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Бүгінгі кездесу корей диаспорасы мен екі елдің ынтымақтастығына арналып отырғандықтан, ҚХА мүшелерімен танысуға үміттімін»,- деді Чжон Кихон.
Чжон Кихон Yonsei University университетін саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмамдаған. 1994 жылы ол Жоғары дипломатиялық емтиханды сәтті тапсырып, Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігіндегі еңбек жолын бастаған.
2025 жылдың сәуір айынан бастап Чжон Кихон Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінде қоғамдық дипломатия мәселелері жөніндегі елші және шетелдегі корей азаматтарының құқықтарын қорғау жөніндегі Үкімет өкілі болған.
Алдыңғы елші Чжо Тэ Ик өз міндетін 2025 жылдың желтоқсанында тәмамдаған еді.