Ресей президенті Қазақстанмен стратегиялық серіктестіктің маңызына тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформаларға жоғары баға берді
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында жарияланған мақаласында екі ел арасындағы одақтастық, аймақтық тұрақтылық және қатынастарының болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарым қарсаңында Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйіне және оның келешегіне қатысты ойларымды ортаға салғанды жөн көрдім. Ресей мен Қазақстанның арасында мызғымас достық, тату көршілік және өзара тиімді қарым-қатынас берік орныққан. Бұған ортақ тарихымыз, халықтарымыздың тығыз сабақтасқан мәдениеті мен тағдыры арқау болып отыр. Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы өзара құрмет пен сенім қағидатына негізделген. Біздің осындай ынтымақтастығымыз бүкіл Еуразия аумағындағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етудің маңызды факторы саналады», - деп атап өтті Путин.
Сондай-ақ ол Қазақстан экономикасының қарқынды дамып жатқанын алға тартты.
"Біздің қуатты әрі өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстанға деген құрметіміз ерекше. Елдеріңіздің экономикасы қарқынды дамып жатыр. Халық жаппай қолдаған тиімді саяси жүйе қалыптасты. Күні кеше Қазақстанда заман талабына сай келетін, елдің келешегін айқындайтын жаңа Конституция қабылданды. Республика азаматтарының басым көпшілігі осы құжатты қолдап дауыс берді. Сол арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік институттарды нығайту, елді жан-жақты жаңғырту және әлеуметтік-экономикалық, рухани тұрғыдан дамыту жолындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті. Осы ауқымды реформаның бәрі табысты жүзеге асырылып, мемлекетті күшейтуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен шынайы әрі достық қарым-қатынас орнаттық. Кездесулеріміз бен сұхбаттарымыз әрдайым бүкпесіз, нәтижелі өтеді. Біз екі елдің барлық саладағы өзара тиімді байланыстарын бекемдей түсуге мүдделіміз», - деп мәлімдеді Ресей көшбасшысы.