Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинге көңіл айтты

Автор: Алмас Ерсін

Чанчжидегі шахта жарылысынан бірнеше адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған болатын.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ҚХР төрағасына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Шаньси өлкесіндегі көмір шахтасында болған газ жарылысы салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Си Цзиньпинге және барша Қытай халқына көңіл айтты.

Президент жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Шаньси провинциясындағы көмір шахтасында газ жарылып, салдарынан кемінде 90 адам көз жұмғаны хабарланған болатын. Апат кезінде жер астында 247 жұмысшы болған. Оқиғадан кейін ірі көлемдегі құтқару жұмыстары басталды.

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары шахтадағы көмірқышқыл газының мөлшері қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болғанын мәлімдеді. Жарылыстың нақты неден шыққаны әзірге белгісіз. Дегенмен шахта басшылығы қамауға алынған. Кенішті Tongzhou Group компаниясы басқарады.

Оқиғадан соң Си Цзиньпин құтқару жұмыстарын барынша күшейтіп, зардап шеккендерге қажетті көмекті дереу көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар апаттың шығу себептерін жан-жақты тексеріп, жауаптыларды жазалау қажет екенін айтты.