Еуроодақ пандемия кезінде Орталық Азия елдеріне жан-жақты көмек көрсету пакетін іске қосты

Автор: Azattyq Rýhy

CACCR бағдарламасы үш кезеңнен тұрады

Фото: eeas.europa.eu

Еуропалық одақ құны 3 млн евроны құрайтын «COVID-19 Орталық Азия мемлекеттерінде: дағдарысқа жауап беру шаралары» (CACCR) атты жан-жақты көмек көрсету пакетін іске қосуда. Оның мақсаты – Қазақстанға басты назар аудара отырып, Орталық Азия мемлекеттерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету.

Бағдарлама туралы толығырақ Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілі Свен-Олов Карлссон айтып берді.

«COVID-19 пандемиясы ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің қаншалықты осал екенін және төтенше жағдайда қоғамдық денсаулық сақтауға деген көзқарасымызды қайта қараудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. CACCR бағдарламасы қажетті дәрі-дәрмектермен және жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, зертханалар мен ауруханаларға болашақта осындай пандемиямен бет-бет келгенде күресуге дайын болатындай құрал-жабдықтармен көмектеседі», - деді ол.

CACCR бағдарламасы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – COVID-19 пандемиясына қатысты шұғыл қажеттіліктерді шешуге негізделген. Екінші кезең – пандемия шегіне жеткеннен кейінгі жағдайды қалпына келтіру және ықтималдығы бар екінші толқынға дайындалу. Үшінші кезең – денсаулық сақтаудың тұрақты, тиімді және ұзақмерзімді жүйесін құру және қолдау мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылады.