«Қазақстан халық кеңесі туралы» конституциялық заң қабылданды: кеңес мүшелері тегін жұмыс істейтін болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Халық кеңесінің мүшелері жалақы алмайды

Фото: Azattyq Ruhy, Әбілқасым Есентаев

Парламент Конституция нормаларын іске асыру аясында әзірленген «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа құжат қоғамдық институттардың мемлекеттік басқару процесіне қатысуын заң жүзінде бекітеді. Заң халық мүддесін күшейтіп, сондай-ақ мемлекеттік саясатты әзірлеу мен жүзеге асыруға қоғамның қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі Жоғары конституциялық консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Бұл алаң түрлі қоғамдық топтардың ұсыныстары мен бастамаларын біріктіріп, мемлекеттік шешімдерге қатысты келісілген ұсынымдар әзірлеумен айналысады.

Заңда Қазақстан Халық Кеңесінің бірқатар өкілеттіктері айқындалған. Атап айтқанда, орган ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлей алады, Құрылтай қарауына заң жобаларын енгізеді және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы болады. Сонымен қатар Кеңес мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты дамыту міндетін атқарады. Бұдан бөлек, Қазақстан Халық Кеңесіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктеледі.

Заңда Кеңес құрамын жасақтау тәртібі де көрсетілген. Оның құрамына этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, коммерциялық емес сектор өкілдері, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер мүшелері енеді. Әр бағыттан 42 адамнан ұсынылады. Қатысушыларға қойылатын талаптар, құқықтары мен міндеттері жеке нормалармен реттеледі.

Құжат Қазақстан Халық Кеңесінің нақты ұйымдастырушылық құрылымын да айқындайды. Негізгі шешімдер қабылдайтын жоғары орган ретінде Сессия жұмыс істейді. Ал жекелеген бағыттарды қарау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылады.

Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыда қамтамасыз ету үшін мемлекеттік орган мәртебесіндегі Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы жұмыс істейтін болады.