Куба дәрігерлері Қазақстанға ақылы қызмет көрсету бойынша ұсыныс жасаған

Автор: Azattyq Rýhy

ДСМ Куба дәрігерлерімен тәжірибе алмасу мәселесін қарастырып жатыр

фото: 13 шілде күні коронавируспен күресу үшін Әзірбайжанға келген кубалық дәрігерлер

Куба мемлекеті коронавирус инфекциясымен сәтті күрескен елдердің қатарына қосылды. Ал, әлеуметтік желілерде Қазақстан тарапы Куба дәрігерлерін елге кіргізбей отыр деген түрлі мазмұндағы жазбалар тарады. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі журналистердің сұрағына жауап бере отырып, осы мәселеге қатысты нақты пікір білдірді.

«Қол созған дос мемлекеттердің көмегін қабылдап жатырмыз. Ол үшін алғыс білдіреміз. Куба мемлекетінің елшісі министрлікке хабарласып, көмектесу жайлы ойы барын айтты және ол медициналық қызметтің ақылы болатынын жеткізді. Осы бойынша бюджет мәселесін қарастырып жатырмыз. Өз тарапымыздан Куба дәрігерлерімен видеоконференция, вебинарлар өткізуге әзірміз. Олардың жетістіктері біз үшін өте қызық», - деп түсіндірді вице-министр Ажар Ғиниятқызы.

Еске сала кетейік, өткен тәулікте Куба елінде пандемия басталғалы алғаш рет коронавирус жұқтырған бірде-бір адам тіркелген жоқ. Ашық дереккөздерде кубалық дәрігерлердің әлемнің 20 шақты еліне көмек беріп жатқаны айтылады. 

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан