«Құрылтай депутаттары ешкімді туған күнімен құттықтай алмайды»: Айдос Сарым этика нормаларын түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Заң жобасының осы өзгерістері жуырда күшіне енбек

Фото: parlam.kz

Парламен палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым бірнеше айдан кейін құрылатын Құрылтай депуттары қандай этика нормаларын ұстануы тиіс екенін түсіндірді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Бұл мәселеде заң аясында депутаттық этика мен мәдениет мәселелері де біртіндеп құқықтық реттеу нысанына айналып жатыр. Алдағы уақытта Құрылтай  алғаш қабылдайтын құжаттардың бірі – депутаттардың қызметін толық реттейтін егжей-тегжейлі регламент болуы мүмкін. Шын мәнінде, бұл әр депутаттың жұмыс үстелінде тұратын негізгі құжат болады. Онда қандай жағдайда сөз сөйлеуге болады, мәлімдеме қанша минутқа созылуы тиіс, жұмыс тәртібі қалай сақталатыны сияқты барлық рәсімдер нақты жазылады», - дейді Сарым.

Оның айтуынша, жеке сипаттағы мәселелер де заңмен шектеліп отыр.

«Мысалы, депутаттарға жеке бастарына қатысты тақырыптарды немесе құттықтауларды саяси немесе жарнамалық мақсатта пайдалануға тыйым салынған нормалар қарастырылған. Яғни, депутаттық қызмет барған сайын нақты регламентке бағынып, этикалық және тәртіптік талаптар күшейіп келеді», - деді ол.

Еске салсақ, осыған дейін депутат Ардақ Назар Мәжіліс отырысында анасын туған күнімен құттықтаған еді. Оның бұл әрекеті қоғам сынына ұшырады.