«Соңғы бес жылда 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік»: Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының мән-мағынасын ұғындырды

Автор: Бақыт Шынар

Президент бұл жоба шын мәнінде қоршаған ортаны сақтап, оны таза ұстауға көп үлес қосты дейді

Фото: Көкшетау әкімдігі

Бүгін Астана өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысының мән-мағынасына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жоба туралы айтпас бұрын президент жалпы Қазақстанның экологиялық міндеттері мен мақсаттарын айтып берді.

«Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік.  Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық», - деді Тоқаев.

Ал, жалпы, президенттің айтуынша, елдегі «Таза Қазақстан» жобасы халық пен жастар арасында қолдау тапқан бірегей бастама болған.  

«Бұдан бөлек, біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына бастамашы болдық. Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру. Қозғалысқа миллиондаған ерікті қосылды. Менің ойымша, олар – Қазақстанның нағыз патриоттары. Өйткені дәл осылай еңбек етіп, ортақ мүддеге үлес қосу – елінің келешегін ойлайтын азаматтардың ғана қолынан келетін ізгі іс. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен биыл Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Тұрақты даму мүддесіне сай келетін бұл бастаманы толық қолдаймыз. Еліміздің жаңа Ата заңында волонтерлік қызметке айрықша мән беріліп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылған», - деді Тоқаев.