Бұл туралы бүгін Ақордада айтылды
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесі ашылатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы бүгін Ақордадағы екі елдің президенттері қатысқан брифинг кезінде белгілі болды.
«Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де саладағы ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға келістік. Атап айтқанда, біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік. Мұны, шын мәнінде, бауырлас әрі тарихы тамырлас елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік рухына сай келетін маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ бұл моңғол елінің қазақ халқына деген ізгі ниеті мен шынайы достық көңілінің айқын көрінісі екені сөзсіз. Біз бұл шешімді жоғары бағалаймыз», - деді Тоқаев.
Осы орайда, Тоқаев Моңғолия президенті Хурэлсух мырзаға зор алғыс айтты.
«Жалпы, сапар барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Бүгін жасалған келісімдер екі елдің алыс-берісін жандандыра түсетіні сөзсіз. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр 130 миллион доллар болып, 7,7 пайызға өсті. Елдеріміздің экономикалық әлеуетін ескерсек, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндігіміз бар. Осы орайда алдағы бірнеше жылда тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізу жөнінде меже қойып отырмыз», - деді Тоқаев.