Қазақстанның Қытайдағы елшісі ауысты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы дипломатиялық өкілдігін Шахрат Нұрышев басқарып келген еді

Қазақстанның Қытайдағы елшісі ауысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорда сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды», - делінген Жарлықта. 

Бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы дипломатиялық өкілдігін Шахрат Нұрышев басқарды.

Ғабит Қойшыбаев 1972 жылдың 12 наурызында Алматы қаласында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1994), ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын (1999) бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында бастаған. Сол жылы Қазақстанның Үрімші қаласындағы (ҚХР) паспорт-виза қызметіне ұзақ уақытқа іссапарға жіберілді.

1999-2007 жылдары Қазақстанның Үрімші қаласындағы (ҚХР) паспорт-виза қызметінде, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде түрлі дипломатиялық қызметке тағайындалды. 2007-2009 жылдары Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінде бірқатар жауапты қызметтер атқарды.  

2009-2011 жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде кеңесші, кеңесші-елші, 2011-2014 жылдары Қазақстанның Шанхайдағы (ҚХР) бас консулы болды.

2014-2016 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары, Бүкілазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.

Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық қатынастар бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

II дәрежелі төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар. Қытай және ағылшын тілдерін біледі.

Үйленген, үш баласы бар.