Жаңа Конституцияға байланысты мектеп бағдарламасының мазмұны жаңаратын болды – Бектенов қаулыға қол қойды

Автор: Бақыт Шынар

Үкімет жаңа Конституцияны түсіндіру үшін үш бағыттан тұратын кешенді жоспарды бекітті

Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының Үкіметі 15 наурыз күні республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

«Жоспар үш бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды: ұйымдастыру шаралары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және Конституцияның орындалуын құқықтық қамтамасыз ету», деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Осы жұмысты негізге ала отырып үкімет Конституцияның мәтінін басып шығарып, оны тарату керек. Үкімет сондай-ақ жаңа Атазаңды мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген форматта да дайындайды. Конституцияны электронды платформаларға да жариялау жоспардың ішіне кіреді.

«Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын қалыптастыру ісіне көңіл бөлінеді. Жоспарға оқыту семинарлары мен білім беру іс-шараларын өткізу, мектеп және ЖОО бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, «Құқық негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстарын, әдістемелік материалдар мен балалар басылымдарын әзірлеу кіреді», - деп хабарлайды үкімет.