Оның айтуынша, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің жұмысы тек экономикалық сипатқа ие
Бүгін Шымкентте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Оған төрағалық еткен премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұйымның жұмысы тек экономикалық сипатқа ие екенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олжас Бектенов Қазақстанның ЕҮАК-қа төрағалығын ескере отырып, Иран Ислам Республикасының елшісі Али Акбар Джокардың Иран төңірегіндегі және жалпы Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалға қатысты мәлімдемесіне орай пікірін білдірді.
«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл тек экономикалық сипатқа ие, оның мандаты халықаралық саяси және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылауды көздемейді», - деді Олжас Бектенов.
Үкіметтің баспасөз қызметі Қазақстан президенті елдің ұстанымын білдіріп, азаматтық және экономикалық нысандарға жасалатын қарулы шабуылдарды тоқтатуға және келіссөздер үстеліне оралуға шақырғанын еске салды.
«Олжас Бектенов Қазақстанның барлық серіктестері қақтығысты тез арада тоқтатып, келіссөздер үдерісіне қайта оралу туралы ұстанымды қолдайтынына сенім білдірді», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.