ДСМ Тәжікстанға жіберетін аппараттарға қатысты түсініктеме берді

Автор: Azattyq Rýhy

Денсаулық сақтау вице-министрі екі ел арасындағы гуманитарлық көмектің мән-жайына тоқталды

Кеше әлеуметтік желіде Қазақстан коронавирусқа қарсы күресте Тәжікстан Республикасына өкпені жасанды желдететін 100 аппарат жібереді деген ақпарат тарады. Қоғам «Өзіміздің науқастарға аппарат жетпей жатқанда, неге біз гуманитарлық көмек жасаймыз» деген наразылығын танытты. Бүгін осы сұраққа жауап берген Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова тәжік еліне кететін аппарат тек жедел жәрдем қызметіне арналған құрылғы дейді.

«Дәл қазір әлемнің бүкіл елдері бір-біріне көмектесіп жатыр. Біздің елге де келіп жатқан гуманитарлық көмек аз емес. Қазақстан Республикасының Үкіметі расымен де Тәжікстан еліне жыл соңына қарай өкпені жасанды желдететін портативті аппарат түрінде гуманитарлық көмек жіберу туралы мәселені қарап жатыр. Бұл жерде, портативті аппарат дегеніміз – адамды ауруханаға жеткізгенше, жедел-жәрдем көлігінде ғана пайдалануға болатын жасанды тыныс алу аппараты. Дәл мұндай аппарат елімізде толып жатыр», - деді Бюрабекова.

Яғни, вице-министр түсіндіргендей, өкпені жасанды желдететін шағын аппараттарды Ақмола облысындағы зауыт шығарады.

«Дәл сондықтан да Қазақстан Тәжікстанға осындай көмек жіберу туралы шешім қабылдады», - дейді ол.

Айта кететіні, енді Ақмола облысындағы осы зауыт портативті аппарат қана емес, станционарларға арналған өкпе аппараттарын да шығаруға көшкен. Бюрабекова уәде бергендей, зауыт жыл соңына дейін еліміздегі бүкіл ауруханаларды өкпені жасанды желдететін құрылғымен қамтамасыз етеді.