Референдум-2026: бақылаушылар заң бұзу фактілері болмағанын растады
«Ел Дауысы» қорының өкілдері кезек-кезекпен жұмыс істеп жатыр
Қазақстандықтар жаңа Конституция бойынша референдумда дауыс беріп жатыр. Референдум барысын тәуелсіз бақылаушылар мұқият қадағайды. Елдегі барлық сайлау учаскелерінде «Ел Дауысы» қорының өкілдері кезекшілік режимде жұмыс істеп, таңертеңнен бастап дауыс беру үдерісі заңға сәйкес ұйымдастырылғанын, азаматтардың келуі жоғары екенін, жаппай заң бұзушылықтар тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Барлық азаматтарды мемлекеттік өзгерістерге бей-жай қарамауға және өз сайлау құқықтарын ұмытпауға шақырамын», – деді Көкшетау қаласындағы №17 сайлау учаскесінде «Ел Дауысы» қорының бақылаушысы Элеонора Далабаева.
Дереккөзге сүйенсек, өңірлердің барлығында дерлік халық белсенді дауыс беріп жатыр. Тараз қаласындағы №494 сайлау учаскесінде бақылаушы Гаухар Сайлаухан комиссия жұмысы толық заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір кезең бақылаушылар тарапынан қадағаланады. Учаске ашылғаннан бастап сайлаушылар белсенді қатысып, кезекке тұрып жатыр, тұрғындар іс-шараға қызығушылықпен қатысуда. Бірінші болып келген азаматтарға естелік сыйлықтар табысталады, әсіресе, алғаш рет дауыс беріп жатқан азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді.
«Тәуелсіз бақылаушылар Элеонора Далабаева және Әлия Салиева (Орал, №481) дауыс беру процесі ашық әрі әділ өтіп жатқандығы туралы бірдей қорытындыға келді. Екеуі де қала тұрғындарын референдумға белсенді қатысуға шақырды – олардың пікірінше, Конституцияға енгізілетін өзгерістер әрбір азаматтың өміріне қатысты», - деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан аумағында сайлау учаскелері сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Процедура әрбір азаматқа дауыс беру құқығын қауіпсіз әрі ыңғайлы жүзеге асыру үшін ұйымдастырылған. Тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру барысын тікелей қадағалап, кез келген сындарлы жағдай туралы жедел хабарлап, процесс ашықтығын қамтамасыз етеді.