«Әлем халқы бітпейтін конференциялардан жалықты»: Тоқаев Трамп құрған Бейбітшілік кеңесінен не күтеді

Автор: Бақыт Шынар

Ол Euronews тілшісінің сұрағына жауап берді

Фото: Ақорда

Бүгін референдумда дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарын тыңдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі саяси оқиғаларға қатысты ойын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Сіз Қазақстан халықаралық аренада орта держава ретінде танылғанын ұдайы айтып келесіз. Еліңіз Президент Трамп құрған Бейбітшілік кеңесіне мүше болды. Сіздің ойыңызша, Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай Бейбітшілік кеңесіне қалай әсер етеді? Бұл бастама өміршең дей аласыз ба? Дональд Трамптың жобасын қолдау жөніндегі шешімге қалай келдіңіз?», - деді сұрақ қойған Euronews телеарнасының тілшісі Боян Бркич.

Бұған жауап берген Тоқаев Трампты мықты басшы деп атады.

«Ең алдымен, Америка Құрама Штаттарының Президентіне құрметім ерекше екенін атап өткім келеді. Оның ақыл-парасатқа негізделген стратегиясы өте дұрыс, құптауға лайық. Бейбітшілік кеңесі туралы бастаманың идеясы, халықаралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді шешудегі жаңашыл тәсілдері көңілден шықты. Мұнда әуелі дәстүрлі дипломатия мен ірі бизнестің мүмкіндіктері ұштасады. Бұл қарапайым халыққа, соның ішінде Газа секторының тұрғындарына нақты пайдасын тигізеді. Әлем халқы бітпейтін конференциялардан жалықты. Аталған жиындарда қабылданатын ізгі ниетті қарарларды аздаған адам ғана оқиды. Сол себепті бұл идеяны қолдау қажет деп ойлаймын. Өйткені тың шешімдер ұсынады. Президент Трамп мықты тұлға ретінде әсер қалдырады. Ол – батыл көшбасшы. Таяу Шығыста, соның ішінде Палестинада бейбітшілік орнату мүмкіндігі әлі де бар екеніне кәміл сенемін. Бұл бастама баянды болады деп үміттенемін», - деді президент.