«Біз ондай қадамға бармадық»: Тоқаев дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрағына жауап берді
Президент «Конституциялық өзгерістер тез болды» деген пікірлерге жауап берген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді. Ол журналистердің сұрағына ашық жауап беріп, пікір білдірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірінші болып «Время» газетінің тілшісі Тоғжан Ғани сұрақ қойған.
«Әлемдік тәжірибеде конституциялық реформа ұзақ уақытқа созылады. Ал бізде жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға аз ғана уақыт жұмсалды. Бұған халықаралық байқаушылар назар аударып, сынға алды. Сіз бұл жөнінде не дейсіз?», - деді журналист.
Бұған жауап берген президент Конституциялық өзгерістер 2022 жылы басталғанын айтып өтті.
«Бұған дейін айтқанымдай, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы», - деді Тоқаев.