Кейбіреулер халық алдындағы беделін көтеру үшін шектен шығып жатыр дейді президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасының идеологиялық және саяси мәніне, ұсынылған нормалардың қандай рөл атқаратынына бір сәт үңіліп көруге кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент жаңа Конституция жобасында жекелеген аумақтар мен «қарқынды дамитын қалалар» үшін арнаулы құқық режимін белгілеу ұсынылып отырғанын атап өтті.
«Осы нормаға байланысты еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді деген қауесет тарай бастады. Әдетте мұндай ауыр айыптауды әлемдік тәжірибеден мақұрым, заңнамалық сауаты жоқ адамдар айтады», - дейді Тоқаев мәслихат депутаттарының форумында.
Осы орайда ол өз бағасын асыру үшін шектен шығып жатқан кей азаматтарға жаңа Конституциядағы нормаларды мұқият оқып шығуға кеңес берді.
«Саяси буллингпен» шетелдік азаматтардың айналысатыны өз алдына. Бірақ осы қитұрқы әрекетке өз азаматтарымыздың баруын, оның үстіне себепсіз соқтығуын түсіну өте қиын. Кейбіреулер өз бағасын асырып, жұрт алдындағы беделін көтеру үшін ұлт мүддесіне шекеден қарап, шектен шығады. Тым болмаса жаңа Конституцияның идеологиялық және саяси мәніне, ұсынылған нормалардың қандай рөл атқаратынына бір сәт үңіліп көрген жөн. Біз арнаулы режимді тек қаражат, яғни капитал тарту үшін енгізіп отырмыз. Мұндай артықшылық қаржылық басқару, салық жеңілдіктері және сот рәсімдеріне қажетті жұмыстарды қамтамасыз ету үшін беріледі. Мәселен, осындай режим Алатау қаласына қатысты қолданылмақ», - деді Тоқаев мәслихат депутаттарының форумында.
Президенттің айтуынша, Конституцияда арнаулы құқық режимін бекіту арқылы инвесторларға қолайлы жағдай жасалады. Жер жүзіне Қазақстанды тұрақты, ашық, кедергісіз және ішкі нарықтағы ахуалы айқын ел ретінде көрсетеміз.
«Мұндай аумақтар Қазақстанның біртұтас конституциялық, құқықтық кеңістігінің ажырамас бөлігі саналады және солай болып қала береді. Конституциялық жүйенің аса маңызды бөлігі ретінде еліміздің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік құрылымы мызғымас сипатқа ие», - деді мемлекет басшысы.