Қазақстан Таяу Шығыстағы азаматтарын басқа елдердің шекарасы арқылы елге әкелмек
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлім етті
Қазақстан Таяу Шығыстағы азаматтарын Армения, Әзербайжан, Түрікменстан елдерінің шекаралары арқылы елге әкеледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Яғни, келіссөздердің нәтижесі бойынша Қазақстан азаматтарының Армения аумағы арқылы эвакуациялануы жағдайында Иран-Армения шекарасынан кедергісіз өту туралы келісім орнаған.
Сондай-ақ Әзербайжан тарапы да эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірген. Елдің құрлықтағы шекара өткелдеріндегі өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.
«Екі азаматтың өтініші негізінде ҚР-дың Әзербайжандағы Елшілігі Ираннан «Джульфа» бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды. Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растады», - деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.
Сыртқы істер министрлігі әр елдегі елшілікпен үздіксіз байланыс орнатқан.