Қазақстан мен Сербия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Автор: Бақыт Шынар

Бұл күндері Сербия президенті Астанада сапарлап жүр

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия президенті Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіре отырып, бұл сапар Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толу қарсаңында өтіп жатқанына назар аударды.

«Сербия Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктесіміз саналады. Көптеген саладағы өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Белград арасында конструктивті саяси диалог жолға қойылып, парламентаралық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен іскерлік топтардың ықпалдастығы дәйекті түрде дамуда.