Мемлекет пен қоғамның ұрпақ алдындағы міндеттері бекітілді
Өткен жылдың қазан айынан бастап Конституция жобасына енгізілетін өзгерістерді әзірлеу барысында комиссия мүшелері тікелей және «Е-өтініш» платформасы арқылы түскен өтініштерді ескерген. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, Конституция жобасын талқылау кезінде азаматтардан түскен балалардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты өтініштер мен ұсыныстар ерекше назарға алынды.
«Балаларға қатысты Конституциялық нормаларды түбегейлі қайта қарау жөніндегі ұсыныстар іс жүзінде болған жоқ. Керісінше, азаматтардың басым бөлігі, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қазіргі балалар құқықтарын қорғауға бағытталған негізгі кепілдіктерді сақтауды қолдады. Бұл кепілдіктің барлығы Конституция жобасында толық көлемде сақталған», - деді уәкіл.
Сонымен қатар, қоғамдық талқылау барысында балалардың игілігі мен дамуына әсер ететін бірқатар нормалар бойынша ұсыныстар айтылып, олар Конституция жобасында өз көрінісін тапқан.
Динара Зәкиеваның айтуынша, Конституцияның кіріспе бөлімінде мемлекет пен қоғамның ұрпақ алдындағы жауапкершілігін бекіту ерекше маңызды.
«Балалар құқықтарын қорғау саласында бірігіп жұмыс істейтін ұйымдардың барлығы дерлік бұл бастаманы қолдады. Бұл ұстаным қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конституциялық нормалармен үйлесіп, балалардың дамуы үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Осылайша біз бұрын Конституцияда нақты көрініс таппаған жаңа тұжырымдамалық тәсілдің қалыптасып отырғанын көріп отырмыз», - деді ол.
Уәкіл Конституцияның құқықтық жүйедегі рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, Конституция – мемлекеттің құқықтық жүйесінің іргетасы, ал оның негізінде қабылданатын заңдар әр баланың өмірі, болашағы мен әл-ауқатына тікелей байланысты. Жоба мазмұндық тұрғыдан үш тірекке негізделеді: бостандық, құқық және міндеттер. Олардың бірлігі Конституцияның мәнін және тұтастығын қалыптастырады.
Динара Зәкиева атап өткендей, адам құқықтарының Конституция жобасында бекітілуі де өзгереді. Екінші бөлімнің атауы «Адам және азамат» деп емес, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп ұсынылған. Бұл өзгеріс адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ міндеттерінің басым маңызға ие екенін айқын көрсетеді.
«Аталған бөлім құқықтық тұрғыдан 29 түрлі құқықты, бостандықты және міндетті қамтиды. Конституция жобасында бекітілетін барлық құқықтар мен бостандықтар оларды іске асыру шарттарымен қатар белгіленеді. Алайда кейбір құқықтар, мысалы, өмір сүру құқығы, ешқандай шартпен шектелмейді. Бұл тұрғыда басқа адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеу маңызды. Мысалы, кейбір адамдар сөз бостандығын шексіз еркіндікке айналдырып, азаматтарды, ата-аналар мен балаларды кемсітуі мүмкін. Соның салдарынан олардың денсаулығы, психологиялық, кейде физикалық тұрғыда зиян шегеді. Осы себепті Конституция жобасында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылығы және олардың заңмен қорғалатыны туралы ереже ерекше маңызды», - деді уәкіл.
Динара Зәкиева Конституцияның адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтауына нақты кепілдіктер беретін атап өтті.