Комиссияға азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түсті - Дания Еспаева

Автор: Темірхан Айжан

Ол Конституцияның қолданыстағы нормаларының жартысынан астамын қамтиды 

Фото: скрин/Конституциялық Сот

Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева Конституциялық комиссиядағы талқылаулар қолданыстағы Конституцияға енгізілетін жекелеген түзетулер деңгейінен әлдеқайда асып кеткенін айтты. Оның сөзінше, түскен ұсыныстардың ауқымы жүйелі әрі түбегейлі шешім қабылдауды талап етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дания Еспаеваның атағандай, комиссияға Конституцияның қолданыстағы нормаларының жартысынан астамын қамтитын екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Оның айтуынша, бұл ұсыныстар сарапшылар қауымдастығы мен ел азаматтарының пікірін көрсетіп отыр.

«Бүгінгі талқылауымыз қарапайым түзетулер енгізудің шеңберінен шығып отыр. Комиссияға келіп түскен екі мыңнан астам ұсыныс Конституцияның қолданыстағы нормаларының жартысынан астамын қамтиды. Әріптестеріміздің, сарапшылар мен ел азаматтарының барлық ұсыныстары маңызды және көкейге қонымды. Олардың логикасы салмақты, ал саны көп. Енді біздің алдымызда елдің Негізгі заңының жекелеген бөлімдерін түзету немесе толықтыру шеңберінен шығатын міндет тұр. Бұл тек 1995 жылғы Конституция мәтінін бүгінгі күннің шындығына бейімдеу ғана емес. Бұл – мемлекеттік құрылымның бүкіл архитектурасын, құқықтар мен бостандықтарға кепілдік беру жүйесін, билік институттары мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін терең қайта қарау», – деп атап өтті вице-спикер.

Еспаеваның айтуынша, Конституцияның жаңа мәтінін дайындау қажеттілігі тек саяси тұрғыдан емес, заңнамалық талаптардан да туындайды.

«Мұндай ауқымды кешенді өзгерістер бізді бөлшектелген түзетулерге емес, жаңа мәтін қабылдауға алып келеді. Бұл логика Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» заңының 26-бабынан да шығады. Заңда нормативтік-құқықтық актінің мәтінінің жартысынан астамын өзгертсе немесе толықтырса, жаңа редакция қабылдануы керек деп көрсетілген», – деді ол.

Вице-спикер сондай-ақ, жекелеген экономикалық аумақтар үшін арнайы құқықтық режимдер мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай тетіктер өңірлерді дамыту мен инвестиция тарту үшін қажет, бірақ олар нақты конституциялық шеңберде болуы тиіс.

«Елде арнайы құқықтық режимдердің енгізілуі өңірлерді дамыту мен инвестиция тарту тұрғысынан Қазақстанның экономикалық мүдделеріне сай келеді. Алайда, мұны енгізгенде олардың әкімшілік-аумақтық құрылымға әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылықтарды алдын ала ескеру қажет», – деді Дания Еспаева», – деді Дания Еспаева.

Ол Қазақстанда қазіргі кезде «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Алатау» жобасы сияқты ерекше құқықтық режимдер жұмыс істеп тұрғанын еске салып, олардың қызмет ету шарттары мен рұқсат етілген шектерін Конституцияда тікелей бекітуді ұсынды.

Сөз соңында вице-спикер ел тарихи кезеңге жеткенін, бұл саяси батылдық пен жауапкершілікті қажет ететінін атап өтті.

«Біздің алдымызда тарихи таңдау тұр, ол мүлде басқа сын-қатерлерді шешу үшін әзірленген құжатқа өзгерістер енгізуді жалғастыру немесе қазіргі жағдайға қоғамның талап-тілегіне, жаһандық даму стандарттарына нақты жауап беретін жаңа Конституцияны дайындау. Бұл мемлекеттің тұрақты дамуы үшін берік құқықтық негіз болатын жаңа Конституция, сондықтан біздің міндетіміз батыл шешім қабылдап, азаматтарға еліміздің жаңа негізгі заңын ұсыну. Мемлекетке заманауи жәіне құқытық база қажет. Жаңа Конституция біз күткен реформалар үшін ең жоғары заңдылық актісі», - деп түйіндеді ол.