Депутаттар Үкімет мүшесін өз қызметі бойынша есеп беруге шақыра алады
Құрылтай депутаттары Қазақстан президентіне өз міндетін дұрыс атқара алмаған министрді қызметінен босату туралы ресми өтінішпен жүгіне алады. Астанада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осындай ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конституциялық реформа аясында ұсынылып отырған өзгерістерге тоқталған Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Құрылтай депутаттарының кемінде үштен бірі бастама көтерсе, Құрылтай министрді өз қызметі бойынша есеп беруге шақыра алады. Есепті тыңдау барысында Үкімет мүшесінің өз міндеттерін қалай орындағаны, заңдардың орындалып-орындалмағаны қаралады. Егер заңдардың орындалмай жатқаны анықталса, Құрылтай президентке министрді қызметінен босату туралы ресми ұсыныс қабылдай алады.
«Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Қазақстан Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауы, республика заңдары орындалмаған жағдайда есепті тыңдау қорытындысы бойынша Қазақстан президентіне үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы мәлімдеме қабылдау құқықтары тиісті жекелеген нормада нақтыланды. Мұндай жағдайда президент үкімет мүшесін лауазымынан босатады», - деді Бекназаров комиссия отырысында.