Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр
Бүгін Конституциялық комиссияның екінші отырысында баяндама жасаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бірқатар ұсыныстарды жария етті. Соның ішінде, президент Құрылтайды қандай жағдайда тарата алады, кімдерді тағайындап, кімдерді лауазымынан босата алады деген өзгеріс бар, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасы Президенті Құрылтай депутаттарының көпшілік дауысымен мына лауазымдарды, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының вице-президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-министрін, Конституциялық соттың он судьясын, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін тағайындай алады деген норманы енгізу ұсынылып отыр», – деді Сәрсембаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында.
Сондай-ақ Президентке аталған лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім беруден бір рет қайталап бас тартқан жағдайда Құрылтайды тарату құқығы беріледі.
«Жалпы алғанда, ұсынылып отырған модель Президент пен Құрылтай арасындағы тепе-теңдікті қалыптастырып, мемлекет басшысының бастамашыл рөлін депутаттық корпустың шешуші даусымен ұштастырады. Ең бастысы — жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындау тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асады», – деп жалғастырды Әділет министрі.
Министрдің айтуынша, бұл нормалар мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырады және ол жеке тұлғаларға емес, жария билік институттарының сапасына тәуелді болуы тиіс.
«Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікті, қаржылық тұрақтылықты және заң үстемдігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын Президенттің жеке өзі тағайындау құқығын сақтау ұсынылады», – деп қосты Сәрсембаев.
Атап айтқанда, президент мына лауазымдарды өзі тағайындау көзделген:
«Мұндай тәсіл аталған лауазымды тұлғалардың мемлекет басшысы алдындағы жеке жауапкершілігі мен есептілігін көздейді, кадрлық шешімдердің жедел қабылдануын және билік органдарының, әсіресе дағдарыс жағдайларындағы тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді ол.