Қазақ әскерлері Голан жоталарында мыңнан аса жарылғыш затты жойған

Автор: Бақыт Шынар

Былтыр сәуір айынан бері 44 операция өткен

Фото: gov.kz

2025 жылғы 11 сәуірден бастап Қазақстанның әскери қызметшілері 44 операция жүргізіп, 1200-ден астам жарылғыш зат пен 43 қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның саперлері жергілікті аумақта, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерінде бес іздестіру іс-шарасын өткізіп, миналы алқаптарға үш рет барлау жүргізген.

«Біз миналы алқаптарға барлау жүргіземіз, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерін тексереміз, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жоямыз. Табылған барлық оқ-дәрілер – Сирия аумағындағы қарулы қақтығыстардың қауіпті «мұрасы», – деді Бітімгерлік операциялары орталығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының офицері майор Ернар Амантайұлы.

Голан биіктіктеріне кетпес бұрын Қазақстанның әскери қызметшілері Алматы гарнизонындағы Бітімгерлік операциялары орталығында және Қонаев гарнизонда кешенді арнайы дайындықтан өтеді.