«Тек ақпанның соңына дейін»: Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар елден айыппұлсыз шыға алады
Олар үшін сондай-ақ Кореяға кіруге тыйым салынбайды
Корея Республикасында заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтар 2026 жылғы ақпан айының соңына дейін айыппұл салынбай және қайта кіруге тыйым салынбай, елден ерікті түрде шыға алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еске салды.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасы Әділет министрлігі ерікті түрде елден шығу бағдарламасының уақытша шеңберін кеңейту жөніндегі уағдаластық орнатқан болатын. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлеп шығару шарасына жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетелдіктерге қолданылмайды», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.
Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, өз еркімен кету туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарлама Корея Республикасының иммиграция кеңселері арқылы ұшу күніне дейін 15-тен 3 күнге дейінгі мерзімде беріледі.