Депутат: құрылтай – қазақ халқының дәстүрінде ерекше мәнге ие сөз

Автор: Бақыт Шынар

Нұрсұлтан Байтілесов заң шығарушы органдағы жоспарлы өзгерістер туралы айтты

Фото: facebook.com/nursultan.baitilesov

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов бүгін Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысындағы мәселелерге қатысты сөз қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол әрине ең алдымен президенттің Парламент атауын Ұлттық құрылтай деп өзгертуге қатысты ұсынысына қолдау білдірді.

«Жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай деп аталмақ. Бұл сөз қазақ халқының дәстүрінде ерекше мәнге ие, халық бірлігін, ортақ мүдде мен шешім қабылдау дәстүрін білдіреді. Сол себепті Құрылтай атауы жаңа Парламенттің халық мүддесін қорғауға сенімді негіз болатынын көрсетеді. Құрылтай мүшелері негізгі мемлекеттік органдар құрамын бекітуге қатысып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады. Депутаттар пропорционалды жүйе бойынша сайланып, партиялардың рөлі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі артады. Аймақтарда мажоритарлық жүйенің сақталуы жергілікті азаматтардың дауысы мен пікірін ескеруді қамтамасыз етеді. Бұл – демократиялық қағидалардың нақты жүзеге асуына бағытталған шешім», - дейді депутат.

Сондай-ақ ол әлеуметтік әділдікті сақтау мақсатында жастарға, әйелдерге және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған квоталар сақталатынын еске салып өтті. Ал, партиялардың Парламентке өту межесі – бес пайыз.

«Бұл көппартиялық жүйені қолдап, партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Осындай құрылым мен тәртіп жаңа Парламенттің халық мүддесін тиімді қорғайтын, заңнамалық реформаларды жүйелі жүзеге асыратын және қоғамдағы сенімділікті нығайтатын орган болып, еліміздің тұрақты дамуына сенімді кепіл болады», - дейді депутат.