$ 507.05  594.82  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанның саяси архитектурасы жаңадан құрылады – депутат

Құрылтай халықтың сөзі билікке жететін, ал билік халыққа есеп беретін орын болуы тиіс дейді мәжілісмен

Қазақстанның саяси архитектурасы жаңадан құрылады – депутат
Фото: Ақорда

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Бұл – кезекті әкімшілік өзгеріс емес, бұл – мемлекеттің басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртатын, болашаққа бағытталған саналы саяси таңдау. Бұл туралы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты әрі ашық мәлімдеді. Құрылтай барысында белгілі болғандай, Қазақстанның саяси архитектурасы жаңадан құрылмақ. Бұл – биліктің формасын ғана емес, оның мазмұнын, жауапкершілігін және халықпен байланысын қайта ойластыру деген сөз», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат Ұлттық құрылтайда ұсынылған жаңа өзгерістерге тоқталып өтті. Біріншісі – вице-президент институты.

«Вице-президент – бұл қосымша лауазым немесе формальды орын емес. Бұл – саяси сабақтастықтың, мемлекеттік тұрақтылықтың және жауапкершіліктің институционалдық кепілі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, биліктің тұрақты жұмыс істеуі үшін бір адамға тәуелді модель әрдайым тәуекелге толы. АҚШ, Бразилия, Аргентина, Нигерия сынды елдерде вице-президент институты дәл осы мақсатта енгізілген: күтпеген жағдайда биліктің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ету үшін. Қазақстан жағдайында да мемлекеттің тағдыры бір ғана тұлғаға немесе тосын жағдайларға байланбауы тиіс. Сондықтан вице-президент Президенттің шешімімен, бірақ Парламенттің келісімімен тағайындалады. Бұл – атқарушы және өкілді билік арасындағы тепе-теңдіктің, өзара сенім мен жауапкершіліктің көрінісі. Бұл қадам Қазақстанды тұлғалық басқарудан институционалдық басқаруға қарай бір саты ілгерілетеді», - деп есептейді депутат.

Екіншісі, қоғамдық диалогтың жаңа алаңы – Халық кеңесі.

«Ассамблея мен Ұлттық құрылтай өздерінің тарихи миссиясын адал орындады. Олар күрделі кезеңдерде ел бірлігін сақтауға, қоғамды ұйыстыруға қызмет етті. Алайда уақыт өзгерді, қоғам күрделене түсті. Енді Қазақстанға тек кеңес беретін емес, пікір қалыптастыратын, қоғамдық жауапкершілік алатын жаңа сападағы алаң қажет. Халық кеңесі – дәл осындай платформа болмақ. Бұл – әртүрлі көзқарастардың қақтығыс алаңы емес, ортақ мүддені іздейтін ұлттық келісім кеңістігі», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде мұндай органдар бар. Мәселен, Франциядағы Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық кеңес немесе Испаниядағы Азаматтық диалог кеңестері билік пен қоғам арасындағы көпір рөлін атқарады. Олар заң шығармайды, бірақ саяси шешімдердің мазмұнына тікелей ықпал етеді.

«Қазақстандағы Халық кеңесі де формальды орган емес, қоғамдық пікірді жүйелеп, билікке нақты сигнал беретін тетікке айналуы тиіс», - деп атап өтті ол.

Үшіншісі – парламенттік реформа және Құрылтай.

«Бірпалаталы Парламентке көшу – бюрократиялық кедергілерді азайтып, шешім қабылдау процесін жеделдетуге бағытталған қадам. Бұл модель көптеген елде тиімділігін дәлелдеген. Мәселен, Швеция, Финляндия, Дания, Жаңа Зеландия сынды демократиялық мемлекеттерде бірпалаталы парламент жүйесі жұмыс істейді. Онда депутаттың жеке жауапкершілігі жоғары, ал заң шығару процесі ашық әрі жедел. Ал Парламентке «Құрылтай» атауын беру – терең символдық әрі саяси мәнге ие. Бұл – қазақ халқының тарихи саяси дәстүрін қазіргі заманғы мемлекетпен ұштастыру әрекеті», - деп толықтырды мәжілісмен.

Депутаттың пікірінше, құрылтай тек заң қабылдайтын орган емес. Ол халықтың сөзі билікке жететін, ал билік халыққа есеп беретін орын болуы тиіс. Бұл атау мемлекеттің легитимділігі тек Конституциядан ғана емес, халықтық дәстүр мен тарихи жадыдан бастау алатынын көрсетеді.

«Яғни ұсынылып отырған өзгерістер – жекелеген реформалар жиынтығы емес. Бұл – Қазақстанды басқарудың жаңа философиясы. Қазақстан өзгеріп жатыр», - деп түйіндеді Жарқынбек Амантайұлы.