Тоқаев «басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру» психологиясынан арылуға шақырды

Автор: Бақыт Шынар

Бүгін Қызылордада Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр

Фото: Ақорда

Бүгін Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «жарақат алған ұлт» психологиясынан арылуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Біріншіден, ол Авраам келісімінің Қазақстан үшін мән-мағынасы қандай екенін айтты.

«Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни, Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі. Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз. Сол себепті, осы келісімге қосылғанымыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді», - деді ол.

Бұдан кейін сөзін жалғастырған Тоқаев әр ел өз болашағы үшін өзі жауапты болу керек деген ойды жалғастырды.

«Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз -болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз, сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек», - деді Тоқаев.

Жалпы, президент «Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет» екенін еске салды.