Тоқаев Ұлттық Құрылтайда ел тағдырына қатысты маңызды пікір айтатынын мәлімдеді

Автор: Бақыт Шынар

Айта кетейік, ертең Қызылордада Ұлттық Құрылтайдың кезекті отырысы өтеді

Фото: Ақорда

Ертең Ұлттық құрылтай отырысында мен еліміздің тағдырына қатысты бұл мәселе бойынша нақты пікірлерімді айтамын. Бұл туралы бүгін Астанада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінгі отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы алдағы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салды. Осы кезең ішінде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасты.

Ақорда жазғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы талқылау нәтижесін, сараптама қорытындыларын, ұсынылған түзетулердің жобаларын, сондай-ақ конституциялық реформаға қатысты азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеуде.

Саяси жүйені одан әрі реформалаудың маңызы мен мазмұнына тоқталған Президент институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет екенін айтты.

«Ертең Ұлттық құрылтай отырысында мен еліміздің тағдырына қатысты бұл мәселе бойынша нақты пікірлерімді айтамын. Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді», – деді Тоқаев.