100 заңның 24-іне депутаттар бастамашы болған
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 2025 жылдағы Парламент пен депутаттардың жұмысын қорытындылап, басты мәселелерді атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осы жыл Парламент Мәжілісі үшін жемісті болды. Біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмалары негізінде бірқатар маңызды заңнамалық актілерді қабылдадық. Биыл 100 заң қабылданды, оның 24-іне депутаттар бастамашы болды», - деді Қошанов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Ол сондай-ақ негізгі құжаттар ретінде Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстерін атады.
«Бүгін біз 2025 жылдың қорытынды жалпы отырысын өткіздік. Бұл жыл саяси жағынан да, заңнамалық тұрғыдан да оқиғаларға толы болды. Жыл басында ел дамуының стратегиялық бағытын айқындаған, ауқымды саяси реформалардың негізін қалаған маңызды құжат – Мемлекет басшысының тарихи Жолдауына үш жыл болды. Осы айтулы оқиғаға орай біз арнайы бір пленарлық отырыс өткіздік. Жиын қорытындысы бойынша, еліміздің барлық азаматын ортақ мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру жолында топтасуға шақыратын қарар қабылданды. Сондай-ақ, жыл елдігіміз үшін маңызы зор мерейтойларға толы болды», - деді Қошанов.
Қошанов сондай-ақ Конституциясының 30 жылдығына байланысты 17 мыңға жуық сотталған адам рақымшылыққа ілінгенін де атап өтті.
«Сонымен бірге, жұртшылықпен тікелей диалог орнатқан бірегей алаң – Ұлттық Құрылтай жиындары жалғасын тапты. Осы орайда Президенттің Бурабайда сөйлеген сөзі бағдарламалық сипатқа ие болды. Ол елдің ішкі саясатын дамытудың стратегиялық бағдарын айқындап берді. Мемлекет басшысы біздің депутаттардың Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу туралы бастамасын қолдады. Ұсынылып отырған құжатта Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаға ерекше мән берілді. Бұл – Қоғамдық палатаның осы кезге дейін қалыптасқан институттардың қатарынан өзіндік орнын тапқанының әрі консультативтік-кеңесші орган ретіндегі тиімділігінің нақты көрінісі», - деді Мәжіліс спикері.
Бұдан өзге Қошанов атап өткендей, 2025 жыл сыртқы саяси белсенділік артып, маңызды халықаралық бастамалар қарқын алған кезеңге айналды:
«Депутаттар «Заң және тәртіп» қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, бірқатар маңызды нормалар қабылдады. Биыл да қоғамдық кеселдермен күресті белсенді түрде жалғастырдық. Әсіресе, лудомания бойынша жаңа нормалар енді. Халықты, соның ішінде жастарды қорғау үшін ғимараттарда және онлайн-кеңістікте букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды. Некеге тұруға мәжбүрлеу де заңмен реттелді. Бұл қадам жеке тұлғаның қадір-қасиетін, қалауы мен таңдауын және адамның құқықтарын қорғауға деген мемлекеттің ұмтылысын нақты көрсетті. Тағы бір мәселе – телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың өсуі. Оған тосқауыл қою үшін байланыс саласында қатаң шаралар қолға алынды. Бір адамның атына он абоненттік нөмірден артық ресімдеуге шектеу қойылды. Сондай-ақ алаяқтық мақсаттағы қоңыраулар үшін пайдаланылатын нөмірлерді бұғаттау көзделді. Сонымен қатар, цифрлық кеңістікте түрлі қауіп-қатер өршіп келе жатыр. Биыл алаяқтық схемаларға қатысы бар тұлғаларға, яғни дропперлерге қылмыстық жауапкершілік енді», - деп еске салды Қошанов.
Қошанов сөз соңында депутаттар қабылдаған бірнеше заңға ғана тоқталғанын айттып, депутаттардың алдағы жұмысына да бағыт-бағдар берді.
«Біз биыл Президент алдымызға қойған барлық міндетті мерзімінде жүзеге асыра алдық. Қабылданған заңдар мемлекетіміздің одан әрі дамуына жағдай жасап, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері анық. Нормалардың бірқатарын депутаттардың заңнамалық бастамалары арқылы іске асырдық. Бұл құжаттарда халық пен мемлекет мүдделерінің теңгерімі қамтамасыз етіліп, бизнесті дамытуға жағдай жасалды. Келесі жылы да осы қарқынды сақтауымыз керек. Әріптестер, жақында өңірлерді аралаймыз. Сайлаушыларға қабылданған заңдар адамдардың өміріне қалай әсер етіп жатыр, әлеуметтік әділдік пен қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеді, осыны қарапайым тілмен түсіндіру керек. Сондай-ақ осы заңдардың жергілікті жерде қалай жұмыс істеп жатқанын зерттеп, зерделеу де маңызды. Азаматтарды толғандырған барлық мәселеге ден қойып, мұқият тыңдау қажет. Кейін әдеттегідей тұрғындардың аманатын жинақтап, Үкіметке жеткіземіз», - деді Қошанов.