Институттың құрылғанына бес жыл толып отыр
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев заңдардың сапасын арттыруға елеулі үлес қосқан Парламентаризм институтының рөлі мен еліміздегі парламентаризмді дамытудағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін біз Парламентаризм институтының құрылғанына 5 жыл толуын атап өтіп жатырмыз. Институт – қысқа мерзім ішінде қабылданып жатқан заңдардың сапасын жүйелі түрде арттыруға үлес қосып, заң шығару билігінің негізгі әрі ажырамас бөлігіне айналды. Парламентаризм – азаматтардың ерік-жігері мен мүдделерін бейнелейтін демократиялық мемлекеттің негізгі институты. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен біз кезең-кезеңмен еліміздің ауқымды саяси жаңғыруын жүзеге асырып жатырмыз. Саяси реформалардың басында – тәуелсіздігіміз бен мемлекетіміздің символы болған өкілді билік тармағы – Парламент тұр», - деді Сәрсембаев Мәжіліс ғимаратында «Парламентаризм: құқықтық негіз, даму жолы және болашақ келбеті» тақырыбында өтіп жатқан Еуразиялық форумында.
Министрдің айтуынша, 2022 жылы жүргізілген Конституциялық реформа өкілді билік тармағының рөлін институционалдық тұрғыдан нығайтып, парламентаризмнің одан әрі дамуына берік негіз қалады. Ол қазір қоғамда президенттің бірпалаталы Парламентке көшу жөніндегі бастамасы қызу талқыға түскенін, осы бағытта арнайы жұмыс тобы тиісті тәсілдерді талдап, пысықтап жатқанын атап өтті.
«Жүйелі өзгерістер аясында Институттың рөлі аса маңызды, өйткені кез келген реформа — мейлі ол саяси жүйеде болсын, мейлі заңнама саласында болсын, ғылыми негізделіп, сараптамалық-талдамалық талқылаумен қатар жүруі тиіс. Осы тұрғыда Институт сапалы әрі заманауи заңнаманы қалыптастыруға ықпал ететін маңызды тірекке айналып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Бұл Парламент депутаттарының заң шығару белсенділігінің жүйелі түрде артуы жағдайында ерекше маңызға ие. Депутаттардың бастамасы мен қажырлы еңбегінің арқасында азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған аса маңызды заңдар әзірленіп, қабылданып жатыр», - деді Сәрсембаев.