Бүгін Астана Қазақстан-Иран бизнес форумы өткен
Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Иран бизнес форумында сөз алған Иран президенті Масуд Пезешкиан сауда-экономикалық серіктестіктің перспективті салаларына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, Масуд Пезешкиан бұл кездесу қос халықтың ғасырлардан тамыр тартатын достығының көрінісі ғана емес, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасын дамыту жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
«Екі ел кәсіпкерлері бірқатар перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатты. Атап айтқанда, Иран – Қазақстан бірлескен кеме қатынасын жолға қоюға, Каспий теңізінде консорциум құруға, Ақтау портында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалар мен тарату орталығын ашуға, Қазақстанда тағам өнімдерін және қағаз қаптамаларын шығаратын бірлескен зауыт ашуға, Алматыда ирандық құрылыс материалдарының экспорттық паркін жасақтауға уағдаласты. Сондай-ақ минералогия, шикізатты өңдеу және аймақтық экспортты өркендету салаларында ықпалдастық орнаттық. Біз Иран – Қазақстан бірлескен сауда кеңесінің құрылуын, тікелей әуе рейстерін дамытуды, кәсіпкерлерге виза режимін жеңілдетуді, екі елдің сауда көрмелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды қолдаймыз», – деді Масуд Пезешкиан