$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.07.2020, 16:35
Саясат

Путин өкілеттілігін күшейтті, Ресей КСРО мұрагері, ол халықаралық ұйымдарға бағынбайды - Конституциядағы өзгерістер

Халықтың 70 пайыздан астамы оны қолдап дауыс берген  

Путин өкілеттілігін күшейтті, Ресей КСРО мұрагері, ол халықаралық ұйымдарға бағынбайды - Конституциядағы өзгерістер

Ресейде осыдан төрт ай бұрын қолға алынған саяси науқан мәресіне жақындап қалды. Биыл 11 наурызда Мемлекеттік Дума конституцияға түзету енгізу туралы заңды мақұлдаған болатын. Оған 383 депутат дауыс беріп, қарсы шыққан ешкім болмаған. Тек 43 адам қалыс қалған еді.

Сонымен бәрі нөлден басталады. Енді Владимир Путин екі мерзімге тағы да президент болып сайлануы мүмкін. Мұны заңмен шегелеп, халқының «ризалығын» алды десе де болады. Елдің ата заңына өзгерту енгізуге орай дауыс берудің алғашқы қорытындылары кеше белгілі болған еді. Электораттың 70,04 пайызы өзгертулер мен толықтыруларды қолдап дауыс берсе, 28,93 пайызы оған қарсы шыққан. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Путиннің ұсынысын қолдап дауыс бергендер арасында Шешенстан, Чукотка, Тува автономиялық аймақтарының халқы аса белсенділік танытқан. Рамзан Қадыров басқаратын субъект халқының 90 пайызы, Туваның жұрты тіпті 100 пайыз дауыс берді деген алдын ала мәлімет жария болды.

НТВ телеарнасының сайты жазғандай, бүгін сағат 9:00-де РФ ОСК хатттамалардың 100% санап шыққан. Сайлау қорытындысы бойынша дауыс берушілердің 77,92% конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдаған. Ал 21,27% қарсылық белгісін қалдырған. Дауыс беруге құқығы бар халықтың 65%-ы сайлау учаскелеріне келген. Ал ОСК төрағасы Элла Памфилова дауыс беру кезінде өрескел заңбұзушылықтар болған жоқ деп мәлімдеді. Сайлаушыларға пандемияға байланысты бір апта ішінде қалаған уақытта дауыс беруге мүмкіндік берілді.

ПУТИН 2036 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ПРЕЗИДЕНТ БОЛА АЛАДЫ

Астарында Ресей басшысының өкілеттігін ұзарту пиғылы тұрған ұсынысты Ресей думасының бірнеше депутаты жиі көтеріп келді. Парламенттегі «Единая Россия» фракциясының мүшесі Александр Карелин Думаның сайлауын уақытынан бұрын өткізу керек деген ұсынысын бұдан бұрын айтқан. Бұл бастаманы ЛДПР-дан Владимир Жириновский, «Справедливая Россия» көшбасшысы Сергей Миронов қолдады. Алайда, коммунистердің жетекшісі Геннадий Зюганов «жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек» дегенді айтты. «Единая Россия» фракциясының жетекшісі Сергей Неверов еш пікір білдірмеген.

Алайда, бұл саяси сценаридің нүктесін депутат Валентина Терешкова қойды. Ол наурызда Конституцияға енгізілген өзгерістен соң президенттік мерзімді қайтадан сол сәттен бастап санау туралы бастама көтерді. Егер Конституциялық сот өз келісімін берсе, Владимир Путин 2024 жылы президенттікке қайта түсе алады дегенді меңзеді. Ал, Конституцияның қайтадан жаңа өзгерістермен қабылданатынын ескерсек, қазіргі президенттің 2036 жылға дейін тағы екі мерзімге сайлануға құқығы болатыны анық еді.

Бұл ұсыныстарға Кремль қожайыны көп кешіктірмей жауап қатып, шұғыл жиналған Парламент өкілдеріне өзінің екі жаңалығын хабарлаған-ды. Оның біріншісі, Мемлекеттік Думаға сайлау мерзімінен бұрын өтпейді деді. Ал екіншісі, қазіргі президенттің биліктегі мерзімін келесі сайлаудың уақытын күтпей-ақ қайтадан өткізуге мүмкіндік барын айтты. Яғни бәрін нөлден бастауға болады деп, батасын берді.   

Deutsche Welle ақпарат агентігінің жазуына қарағанда, президенттік мерзімді нөлге теңестіру бастамасын әлемдік қауымдастық та, Ресей халқы да белсенді талқылады. Қарсылық танытқандар да аз болған жоқ. Мемлекеттік Думаға енгізілген заң жинағының ішіндегі бұл норманы Конституциялық сот қолдауы керек еді. Осымен 4 мерзімге сайланған Владимир Путиннің енді алда тағы екі мерізмге қатарынан кандидатурасын ұсына алатынын тиісті органдар ақырында бекітіп берді.  

СУДЬЯЛАР МЕН МИНИСТРЛЕРДІ ТІКЕЛЕЙ БАҚЫЛАУ

Алда билікке келетін РФ Президентінің өкілеттілігі мейілінше кеңейеді. Коституциядағы кейбір нормалар Үкіметтің құзырындағы басты өкілеттіктерді мемлекет басшысына беруді қарастырады. Премьер-министрдің билігін әлсірететін өзгерістер «жалпы жетекшілік» деген нормамен реттелмек. Демек, ел президенті министрлерге тікелей тапсырма беруге, Үкімет отырысына өзі төрағалық етуге құқылы болады. Ал премьер-министр Үкімет жұмысының негізгі бағыттарын айқындай алмайды. Ол министрлер кабинетінің жұмысын үйлестіру, президент тапсырмасына қарай ұйымдастыруға атсалысады.   

Президент енді Үкіметтің кейбір мүшелерін, олардың ішінде Қорғаныс министрі, ТЖМ, СІМ, Әділет министрі және Ішкі істер министрлерін өзі тағайындайтын болады. Бірақ күштік құрылым жетекшілерін Сенат депутаттарымен кеңесу арқылы тағайындайды. Қалған министрлерге премьер өзі депутаттардың дауыс беруінен соң орынтақ ұсына алады. Президент Федерация Кеңесіндегі сенаторларды өзі тағайындайды, ал олардың ішінен 7 кандидатты өмір бойы сенатор болып тағайындауға құқылы. Сондай-ақ, келесі мемлекет басшысы Конституциялық сот пен Жоғарғы соттың мүшелерін өзі жұмыстан шығара алады. Бүрын тек тағайындауға келісімін беретін еді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРГАНДАРДЫҢ ТАЛАБЫН ОРЫНДАМАУҒА БОЛАДЫ

Алдағы уақытта Ресей халықаралық құқық қорғау ұйымдарының талаптарын орындамауға құқылы. Конситуцияға енгізілген өзгерістердің арасында батыс жұртшылығы мен оппозициялық күштерді алаңдатқан осы норма болды. В.Путиннің жеке бастамасымен билік халықаралық органдардың шешімін орындамайтын болады. Ол үшін бұдан былай тікелей президентке бағынатын Конституциялық сот халықаралық талаптардың ұлттық заңнамаларға қайшы келетін тұстарын тауып, дәлелдеп беруі тиіс. Мұндай шешімді Ресей Еуропалық адам құқығы жөніндегі сотқа байланысты бұрын қабылдап қойған болатын. Бұл заңдылық енді өзге де халықаралық адам құғығын қорғау ұйымарына қолданылады. Бұл ЛГБТ қозғалысының да елде әрекет етуіне шектеулер қоюы мүмкін.

Енді Ресейде Мемлекеттік Кеңес деген жаңа орган құрылады. Конституциялық орган елдің ішкі және сыртқы саясатын айқындап, президентпен ақылдасып отырады. Оның төрағасы мен мүшелерін тікелей мемлекет басшысы өзі бекітеді.

Тағы бір маңызды өзгеріс - Ресей бұдан былай КСРО-ның заңды мұрагері. Ол елдің конституциясына енгізіліп отыр. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысты барлық деректердің, тарихи шындықтар мен пікірталастар үшін жауапкершілікті мойнына алады. Соғысқа байланысты туындаған айыптауларға жауап беруге құқылы.

ҚЫТАЙ ДА ҚАЗІРГІ ТӨРАҒА БИЛІГІН ОСЫЛАЙ ЗАҢДАСТЫРДЫ

Azattyq Rýhy тілшісі Ресейдегі осынау саяси науқанға қатысты бұған дейін бірқатар сарапшының пікірін берген болатын. Солардың ішінде Әлемдік экономика және саясаттану институтының директоры Сұлтан Әкімбековтің айтуынша, Путин өзінің мәселесін осы жолмен шешіп алғысы келеді. Әрине, Конституциялық соттың мүшелері тиісті дауыстарын беретін болса, орталық вертикалды биліктің шарттарына қайшы емес. Мысалы, Қытай да осындай жолмен қазіргі төрағасының билігін заңдастырып берді.

«Қазір әлемде жағдай тұрақсыз. Қазақстан немесе Қытай сияқты стратегиялық әріптес елдерге бұл ситуация жат емес. Жұмыс бұрынғыдай жалғаса береді. Бірақ либералдық билік жүйесіне Қытай тұрмақ, Еуропаның өзі сын көзімен қарап отыр. Сондықтан қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта орталық билікті, президенттік билікті күшейту арқылы елді ары қарай басқару өте тиімді деп санап отырса керек. Ресей халқы да Путиннің саясатын жоғары бағалайды. Қоғамда жекелеген қала тұрғындары, кейбір оппозициялық күштер болмсаса, жалпы алғанда, қазіргі президенттің билікте қала бергенін қалайтын сияқты. Қарапайым халықты  саясаттан гөрі экономикалық өсім қызықтырады. Путиннің бұл тұрғыда саясаты орныққан», - дейді Сұлтан Әкімбеков.

БИЛІКТЕ ҚАЛУ ҮШІН ҚАМ ЖАСАДЫ

Ал белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, Путин осы кезге дейін «два раза подряд» деп, Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы 2024 жылға дейін сайлануға мүмкіндік алды. 2010 жылы мерзімді 6 жылға созу туралы тағы да заңға өзгерістер енгізді. 2024 жыл алыс болып көрінгенімен, ол 2020 жылы дайындықты бастап кетті.

«Нөлдендіру» арқылы мәселені шешуді ұсынып отырған депутаттар мүлдем жаңа Конституция қабылданған соң, бұған дейінгі негізгі заң өз күшін жояды. Демек, жаңа Конституцияға сәйкес, президент те жаңадан сайланады деп қабылдаса болады. Бұрынғы шектеулер ұмытылады. Демек, бәрі нөлден басталады деген сөз. Бұл билікте қалудың осындай бір өзіндік әрекеті», - дейді маман.

Путин 2020 жылға дейін билікте қалудың басқа нұқсаларын да қарастырып көрді. Ресей әсіресе, Беларусиямен одақ мемлекет құру арқылы ойын жүзеге асырғысы келді. Әрине, бұған Лукашенко да, оның халқы да көнбеді. Енді Конституцияны өзгерту арқылы қадам жасап көрмек. Дегенмен, оның Мемлекеттік Кеңес деп алатын жаңа құрылымы, сондай-ақ, Парламенттің ықпалын күшейтіп, премьер-министрдің рөлін өзіне алуы ойлантады.

«Халықаралық және ресейлік сарапшылардың да пікірі әртүрлі болды. Бірақ Путин өз билігін созудағы мақсатын жүзеге асырмай қоймады. Қай жолды таңдайтынын уақыт көрсетті. Бірақ Путиннің биліктен кете алмайтыны анық. Бұл оның өз ішкі аудиториясына жасап отырған белгісі десе де болады. Бұл «биліктің ауысатынына ешкім үміттенбесін, белгілі бір топтардың пікірі бір жерден шықсын» деген оймен билік элитасына жіберіп отырған белгісі болуы мүмкін. Айналасында олигархтары бар, Кремльдегі үзеңгілестері бар, бәріне берілген «сигнал». «Мен билікте қаламын» дегенді қазірден білдіруі деп ойлаймын», - деген болатын  Расул Жұмалы.      

Әлішер Асқарбек, Алматы     

Серіктес жаңалықтары