Айгерім әлемдегі гонорары жоғары модельдердің бестігінде
Менің бүгінгі кейіпкерім - тағдыры да, келбеті де ешкімге ұқсамайтын ерекше жан. Астаналық Айгерім Аяпбергенова тумысынан саңырау әрі мылқау. Параолимпиададан Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы бүгінгі таңда сән саласында әлемдік подиумдарды бағындырып жүр. Әлемдегі гонорары ең қымбат инклюзивті модельмен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбат құрып қайтты.
«КҮЛБИКЕДЕН» ӘЛЕМДІК ПОДИУМҒА ДЕЙІН
Айгерім Аяпбергенова қарапайым отбасында дүниеге келген. Өзінен кейін екі інісі бар. Алматыдағы инклюзивті балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі. Бүгінгі таңда Қазақ спорт және туризм академиясында білім алып жатыр.
Ақ сары шашты, көздері теңіздей көк, бетінде секпілі бар бойжеткеннің қазақ ұлтынан екенін бірден аңғару қиын. Айгерімнің анасы Саяна ханымның айтуынша, қызы бала күнінде бетіндегі секпілінен ұялатын болған.
«Бала кезінен ол өте белсенді, келбетінің басқа қыздардан ерекше екенін түсінетін. Кішкентай күнінде «бетімде неге секпілім көп» деп ренжитін кездері де болды. Ондай сәттерде қызымды «сен басқа қыздардан бөлексің, өскенде әдемі боласың» деп жұбататынмын. Қарап тұрсам, қызымның өмірі «Гадкий утенок» немесе «Күлбике» ертегісіндегідей», - дейді анасы.
Айгерім сөйлей және ести алмаса да, бала күнінен саңырау спортшылар арасында суда жүзу және жеңіл атлетикадан спорт шебері. Бүгінгі таңда оның қоржынында 10 алтын және 10 күміс медалі бар. 2014 жылы ол «Попов Кубогі» халықаралық жарысында 4-ші орынды иеленсе, 2015 жылы Тайваньдағы Азия ойындарында жүлделі болды. Сән әлеміне Айгерім Goltsman Models агенттігінің шақыруымен келген. Айтуынша, өзі сынды мүмкіндігі шектеулі жандарға Қазақстанда жұмыс табу қиын.
«Мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмысқа орналасу оңай емес. 2009 жылдан бастап мен модельдік бизнеспен айналысуды армандадым. Бірақ ол кезде менің мүмкіндігім аз еді. 2016 жылдан сән әлемінде бағымды сынап көрдім. Танымал дизайнерлер мені екі жылдан кейін ғана байқады.. Шынын айтсам, модельдік бизнес менің өмірімді осылай өзгертіп жібереді дегенді күтпедім», - дейді кейіпкеріміз.
ӘЛЕМДЕГІ ГОНОРАРЫ ЖОҒАРЫ МОДЕЛЬ
Алғаш подиумға шыққан кезде қас қылғандай ол ауырып қалған. Соған қарамастан Айгерім ресейлік модельер Ульяна Сергеенкомен танысып, көпшіліктің көзіне түседі. Шетелдіктер оның ерекше келбетін бірден байқаған.
«2019 жылдың 27-ші наурызы еді. Катар қаласының маңында бір іс-шара өтті. Көрсетілім болатын күні мен ыстығым көтеріліп, ауырып қалдым. Дегенмен директордың өтініші бойынша, ауырып тұрғаныма қарамастан, бар күшімді жинап подиумға шықтым. Соңына дейін жүріп шығуға әрең шыдадым. Бірақ сол кезде мені көптеген адамдардың байқағаны таңғалдырды. Сосын мен Ульяна Сергеенкомен таныстым, біз естелікке бірге суретке түстік. Менің әлемге танымал дизайнерлермен таныстығым сол кештен басталды», - деп еске алды ол бірінші тәжірибесін.
Ресейлік киноактриса және супермодель Наталья Водянованың Love Ball Arabia қайырымдылық іс-шарасында сән саласының әлемдегі үздік сарапшылары Айгерімді Ульяна Сергеенко коллекциясының «маржаны» деп атады. Жуырда Айгерім «Befree» брендінің келбеті атанды. Сондай-ақ, отандық Leya зергерлік компаниясының ресми келбеті. Модельдік бизнеске келгеніне аз ғана уақыт өтсе де, Айгерім қазір әлемдегі гонорары жоғары инклюзивті модельдер бестігінде.
БОЛМЫСЫҢДЫ ҚАБЫЛДАУ КӨП ЕСІКТЕРДІ АШАДЫ
Сән әлемінде қанша танымал болса да, Айгерімнің қарапайымдылығы бірден білініп тұр. Спортсыз өмірімді елестете алмаймын деген бойжеткеннің арманы – әлемді аралау.
«Арман-мақсаттарыма қол жеткізу мені шабыттандырады. Спортпен айналысқанды қатты жақсы көремін. Спорт маған саяхаттауға көп мүмкіндік береді. Алда әлемнің көптеген елдеріне баруды армандаймын. Оқуымды бітіргеннен кейін, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болуды жоспарлап отырмын», - деді Аяпбергенова.
Табысқа жетудің нақты құпиясы болмайтынын білетін Айгерім өзі сынды мүмкіндігі шектеулі адамдарға мойымай, батыл болуға кеңес берді. Ал бойжеткеннің анасының айтуынша, қызы бала кезден еңбекқор, ізденімпаз болған. Оның өзінен кейін екі бауыры бар.
«Кез келген салада табысқа жету үшін батылдық қажет және табысты болудың нақты формуласы болмайды. Адамдар жеңіске жетудің бірден мүмкін емес екенін білсе деймін. Бәрі кішкентай қадамдардан басталады. Мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін қалай бар, солай қабылдауды үйрене білуі тиіс. Үнемі адамдармен араласып, дамып отыруға ұмтылу қажет. Өзіңді бар қалпыңмен қабылдап, болмысыңа сенген кезде көп есіктер өзі ашылады. Бастысы кім болсаң да, қайда жүрсең де, адамгершілік қалпыңды жоғалтпау. Қалғаны тынымсыз еңбектің арқасында келеді», - деп аяқтады ол әңгімесін.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан қаласы