Петропавлдық наубайшы күніне 3 тонна қамыр илейді
Оның жұмыс кестесі таңғы 7-ден басталады
Петропавлдық наубайшы күніне 3 тонна қамыр илейді. Облыс тұрғындарының дастарханынан нан үзілмеу үшін Зүлфия Есмағанбетова басқалар шырт ұйқыда жатқанда жұмысқа барады. Ол 14 жылдан бері өңірдегі ең ірі нан-тоқаш комбинатында еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ОБЛЫС ТҰРҒЫНДАРЫ 18 МЫҢ ТОННА НАН ТҰТЫНАДЫ
Солтүстік Қазақстан халқы жылына 18 мың тоннаға жуық нан тұтынады. Оның басым бөлігі жергілікті комбинатта өндіріледі. Тұрғындардың дастарханынан ас атасы үзілмес үшін наубайшылар күндіз-түні тер төгеді.
«Комбинатта жұмыс істеп жүргеніме 14 жылдан асты. Нан дастарханымызға оңайлықпен келмейді. Әр тұқым бізге ұн болып жеткенше қаншама адам еңбек етеді. Сондықтан атам қазақ нанды ас атасына балап, қастерлейді. Оны пісіру де оңай емес. Әр бөлкенің дәмді болуы – қамырына байлансты, яғни менің жұмысыма. Қамыр сәтті шығуы үшін бар ынта-ықыласыңмен илеу керек. Қазір техника адамның жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен заман. Бірақ суын, ашытқысын, ұнын – бәрін өзіміз өлшеп қосамыз. Иін қандырып, қамырды бөлушілерге жіберемін. Күні бойы осы жұмыс қайталана береді. Нанның түр-түрі бар. Соның барлығын өзім илей беремін. Біздің цехта менен бөлек 5 келіншек жұмыс істейді. Көп күш жұмсайсың. Бірақ көпшілікке пайдаң тиіп жатқаны есіңе түссе, бәрі ұмытылады. 24 сағат жұмыс істеп, 2 күн демаламыз. Жұмыста жүргенде қолың қалт ететін уақыт болмайды. Солай жүріп, тәуліктің қалай өтіп кеткенін аңдамай қаласың», - дейді Зүлфия Есмағанбетова.
Облыстағы барлық дүкендерге нанды үздіксіз жеткізіп тұру міндет. Комбинат барлық ауданды ас атасымен қамтып отыр. Сондықтан комбинат жұмысшылары бір мезетке тыным таппайды. Зүлфия Есмағанбетованың жұмыс кестесі таңғы 7-ден басталады. Басқа наубайшылар келгенше қамыр ашып, дайын тұруы тиіс.
«Нан жай тағам емес. Күн сайын тұтынатын санаулы өнім бар. Нан сол тізімде бірінші тұр. Менің қолымнан шыққан тағам барша солтүстікқазақстандықтардың дастарханына жетеді. Сондықтан жүктелетін жауапкершілік жеңіл емес. Комбинатқа алғаш келгенде қаптама ораушы болдым. Одан қамыр бөлуші. Біртіндеп, қамыр илеудің қыр-сырын меңгердім. Ол жылтырап, созылып әдемі болып тұруы керек. Әркім әдемілікті түрліше көреді ғой. Маған иіні қанған қамыр сондай көркем болып көрінеді. Осында келгеніме еш өкінбеймін. Ұжым туған отбасымдай болып кетті. Биыл желтоқсан айында кәсіпорынның ашылғанына 100 жыл толады. Ғасыр бойы жұмыс істеп келе жатқан мекемеде қалыптасқан дәстүрлер де бар. Ең бастысы жұмысшылардың жағдайына бірінші кезекте көңіл бөлінеді», - дейді Зүлфия.
«НАННЫҢ ҚАДІРІН БАЛА БІЛУІ ТИІС...»
Комбинат айына 600 тонна нан-тоқаш өнімдерін шығарады. Кәсіпорын бір ғасыр бойы демалыссыз, үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Гүлжан Шәймерденова 3 баланың анасы. Петропавл іргесіндегі Белое ауылында тұрады. Шәймерденовтер отбасының әр мүшесі нанның қадірін жақсы біледі.
«Үйдегілердің пешке нан салатыны әлі есімде. Иісі бұрқырап тұратын. Оңай еңбек емес. Қаншама уақытты талап етеді. Ұн, ашытқы, сүт сатып алу керек. Қазір үш балам бар. Кішісі екіге де толған жоқ. Екеуі балабақшаға барады. Оларды апарып, үйге алып келу менің мойнымда. Жолдасым үнемі жұмыста. Нанды көбіне сатып аламыз. Үнемі дәмді болады. Әсіресе ыстықтай келгенін балалар сүйсініп жейді. Есесіне бала тәрбиесіне, үйге қарауға уақытым көп болады. Екі ұлым мен қызыма нанның киесі, қадірі жайында айтып отырамын. Тәрбие – тал бесіктен. Ештеңе оңай келмейді. Осы нанды күн сайын пісіріп отырғандарға алғысым шексіз», - дейді Гүлжан.
НАННЫҢ ҚАНДАЙ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕТІНІН БІЛЕМІЗ БЕ?
Комбинатта нанның 40 түрі пісіріледі. Облыстың барлық аудандарына, көршілес өңірлерге жөнелтіледі.
«Мен комбинатта қаптама ораушы болып жұмыс істеймін. Ұжымға 2007 жылы келдім. Негізгі мамандығым басқа. Бірақ осы жұмыс көңіліме жақын. Күні бойы екі аяқтан тік тұрамыз. Кейде шаршайсың. Сонда да осы ұжым ұнайды. Бастапқыда қамыр бөлуші болдым. Сосын ашықты істедім. Қамыр да иледім. Пеште де еңбек еттім. Қаптау цехына келгеніме 4 жыл болып қалды. Зүлфияны көптен бері, нақтырақ айтсам, ол осында келген сәттен бері танимын. Бірден тіл табысып кеткеніміз есімде. Ұжымда беделді, еңбегіне адал жан. Өз ісінің шебері. Үлкеннің де, кішінің де тілін таба біледі. Бірден нан илеуші болған жоқ. Бәрін басынан үйренді. Оны адам ретінде де қатты сыйлаймын. Тиянақты. Кейде тапсырыс көп болады. Бәріне үлгереді. Жұмысын жақсы көргендіктен де бәрін қиналмай-ақ істейді. Пісірген тамағы да тіл үйіреді. Қолынан талай дәм таттым», - дейді әріптесі Гүлмира Жамұқанова.
Нан – Қазақстан халқы ең көп тұтынатын өнім. Ол күн сайын дастарханға дайын күйінде келіп жатады. Алайда оның сыртында қаншама адамның еңбегі жатқаны бізді ойландыра бермейтіні рас...