Олардың арасында көпбалалы аналар да қызмет етеді
Қылықты мінезімен еркелей отырып, ақылмен барлық мәселені байыбына жеткізіп отыратын қазақтың қыздарына қалайша қайран қалмайсың?! Шындығында әйел – отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы болып саналады. Осы тұста 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Ұлттық ұлан арулары туралы да айтып өтуді жөн көрдік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Құқықтық тәртіп әскері саласында нәзік жанды арулар ерлермен бірге иық тіресе қызмет ете отырып, отбасының да жылулығын сақтап жүрген асыл жандар баршылық. Сондай сұлу да ақылды әскери қызметші әйелдер Ұлттық ұлан қатарынан да табылады.
«Әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, қолына қару ұстап, Отанның тыныштығын қамтамасыз ете отырып, отбасына жылуын аямай отырған нәзік жандылар да жетерлік. Солардың бірі – 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының 1 жедел ротасының аға маманы аға сержант Гүлзат Исекова.
Ол – көпбалалы ана, жан-жары Бекболат Байташұлымен бірге Күнсара, Алтын, Гауһар, Ерасыл, Абылайхан және Баян-сұлу атты бүлдіршіндерді тәрбиелеп отыр.
«Отанға қызмет ете отырып, бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлесіз?» деген сұрағымызға кейіпкеріміз былай деп жауап берді.
«Қазақта «Әйел – қырық шырақты» деген жақсы сөз бар. Сол асыл сөзді жоққа шығармай, дәлелдеп отырған қазақ қыздары көп. Тұңғыш қыздарымның жасы жиырмадан асқан, сондықтан маған аса көп қиындық туып тұрған жоқ. Бірін-бірі бағып, қолғабыс етіп, біздің қолғанаттарымыз болып жүр. Өзім Түркістан облысының тумасы болғандықтан, көпбалалы отбасы атануды әрқашан армандайтынмын. Осындай денсаулығы зор, ақыл-есі сау балаларымыз үшін Аллаға тәуба етеміз. Уақыт деген тапшы заман ғой, оның үстіне Ұлттық ұлан қатарында әскери қызметте жүргендіктен, күн-түн демей, әр түрлі жаттығуларға, жиындарға шығып кететініміз рас. Бірақ оның барлығын сылтау етпей, міндетті түрде демалысымды балалаларыма арнауға тырысамын», - дейді ол.
Исекованың айтуынша, отбасында сырласу да аса маңызды рөлге ие.
«Ол тек қана қыдыру, бір жерге барып демалу емес, өзара сырласамыз, қандай түйінді мәселелер бар, соны бірігіп шешуге тырысамыз. Қазақтың әйелдері мықты ғой, сол мықтылығымызды дәлелдеп жүруге тырысып-бағамыз», - дейді ол.
Тағы бір ерекше мамандық иесі – Астана қаласындағы 3656 әскери бөлімі – әуе эскадрильясының маманы қатардағы Айдана Омарова атты нәзік жанды әскери қызметші.
Оның мамандығының ерекшелігі сол – ол әуе кемесінің борт-жолсерігі қызметін атқарады.
Өте жауапты, сонымен қатар қауіпті мамандық. Бірақ қайсар қыз арманына жету жолында ешқандай кедергіге қарамастан, өз мақсатына жетті. Ол борт-жолсерік болуды бала күнінен армандаған.
Табиғатынан әдемілікті, сұлулықты жаны қалайтын Айдана маманының хас шебері десек те болар. Қызметінің талаптарына толықтай сай қазақ қызы өз лауазымын қатты ұнатады. Айдана Ұлттық ұлан қатарында 2019 жылдан бері қызмет етіп келе жатыр.
Кейіпкеріміз 1990 жылдың 4 тамызында Қарағанды облысы, Нұра ауданы Қарақасқа селосында дүниеге келген. Отбасында екі ағасынан кейінгі ерке қызы атанған Айдана қазір Данил атты бүлдіршінді тәрбиелеп отыр.
«Борт жолсерік атану – мен үшін мақтаныш. Қызметім өзіме қатты ұнайды, жауапкершілік пен ыждағаттылықты талап ететін қызмет қой. Ең алғашқы ұшқан сәтім әлі есімде. Қорқыныш пен үрей болды десем, артық айтпағаным болу керек. Себебі тікұшаққа қызметтен тыс уақытта мініп жүрміз, ал қызмет бабымен әуеге көтерілгенде мақтаныш, қуаныш сезімі кеудеңді кернейді, оның үстіне Ұлттық ұлан қатарындағы борт-жолсерігі атану тіпті екі есе қуаныш. Сондықтан атқаратын қызметімді жақсы көремін. 2022 жылдың қазан айында Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың атынан «Ішкі істер органдарының үздігі» атты кеуде белгісімен марапатталған болатынмын. Ол менің қызметімнің жемісі деп ойлаймын және еңбегімді бағалаған әскери бөлім басшылығына алғысымды айтамын», - деп өз ойымен бөлісті Айдана Жолдыбайқызы.
Сондай-ақ Өскемен қаласының Жаңа Согра кентіндегі 6699 әскери бөлімінде арнайы дайындықтан өткен тәжірибелі, тәртіп пен жауапкершілік жүгін ерлермен қатар көтере білетін 30-ға жуық қыз-келіншек еңбек етіп жүр.
Олардың бірі – әскери бөлім штабының аға маманы сержант Мадина Бақтыбаева.
Мадина Даулетқанқызы Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Самар ауылында дүниеге келген.
Ата-анасы – Даулетқан аға мен Ақжарқын апайдың тұңғыш перзенті.
Кейіпкеріміз Палатцы орта білім беретін мектепті аяқтаған соң 1997 жылы Өскемен қаласындағы Медициналық колледждің жалпы тәжірибелік медбике мамандығын үздік тәмамдаған.
Өмірлік жолдасы Оралбек Сейітқазыұлымен 2001 жылы отау құрып, өмірге 3 перзент қыз әкеліп, оларды өздеріндей өнегелі, үлгілі болуға баулыған.
Тұңғышы Жұлдыз 8-сынып оқушысы, ән айту мен өлең жазуды ұнатады. Талай облыстық ақындар жарысының жүлдегері мен жеңімпаздары атанған.
«Екінші қызы Айым қаламыздағы би шараларына белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген биші. Кенже қызым балабақшада», - дейді Мадина Бақтыбаева.
Мадина мен Оралбек әскери бөлімде бірге қызмет еткен. Жұбайы білікті әскери қызметкер болған, жас сарбаздарға Отан қорғаудың қыр-сырын терең меңгертіп, шымыр да мығым болып жетілуіне өзінің салмақты үлесін қосқан.
Кейіпкеріміздің нағашы атасы Ұлы Отан соғысы ардагері Кеңес одағының батыры болған. Сол кісінің тәрбиесінде болғандықтан, жас кезінен әскери қызметші болып, әскери форманы киіп жүруді армандаған. Сол арманына жету үшін 2001 жылы ақпан айынан бастап 5518 әскери бөлімінен әскери қызмет жолын бастаған.
Алғашқы лауазымы атқыштар батальоны 4 атқыштар ротасында бақылау өткізу пункті сақшысынан бастаған. Сол кезден-ақ жас маманның тұла бойына өнерпазға тән игі қасиеттер дарығанын аға бастықтар байқаған болатын. Өнердің мәдениетін әдебінде үйретіпті.
2013 жылы 6699 әскери бөлімі құрылғаннан кейін Мадинаның жауаптылық қабілетін жете бағалаған әскери бөлім басшылығы Тыл қызметінің маманы лауазымына тағайынған.
2017-2020 жылдары бөлініс бастығы қызметін атқарған. Одан кейін осы уақытқа дейін әскери бөлім штабының аға маманы лауазымында лайықты еңбек етіп, саптық бөлімнің құжаттамаларын жетік меңгерген өз ісінің маманы.
Мадина Дәулетқанқызы әскери қызмет атқару кезінде әскери бөлімнің басшылығы, Өңірлік қолбасшылықтан және Бас қолбасшылықтан талай алғыс хаттар, мақтау қағаздарымен және медальдармен марапатталған.
Бүгінгі таң Ұлттық ұлан қатарында мыңға жуық нәзік жанды ару қызмет атқарып жүр. Арасында «полковник» әскери шеніне жеткендері бар. Сонымен қатар спорт, өнер, медицина саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, мемлекеттік наградаларға ие болды.