«Өмірде ешнәрсе ешқашан кеш емес»: паралимпиадашы спортқа деген махаббаты жайлы

Автор: Аян Бекжанұлы

Кәмила Досмалова паратаэквондо туралы сыр бөлісті

Параспорт түрлері – мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіби түрде шұғылданып, өмірден өз орнын табуы үшін үлкен мүмкіндік. Соңғы жылдары мүгедек жандар арасында спортқа деген қызығушылық қарқын алып келеді. Нәтижесі сол халықаралық жарыстарда көзге түсіп, көк байрағымызды желбіретіп жүрген параспортшылар қатары көбейді. Осындай жандардың бірі – паратаэквондодан ел намысын қорғап жүрген Кәмила Досмалова. Спортшы қыз Azattyq Ruhy тілшісімен әңгімелесіп, спорттағы, өмірдегі жетістіктері туралы ой бөлісті.

Кәмила 1992 жылы 11 тамыз күні Арал қаласында дүниеге келген. Төрт айлығында отбасы Алматыға көшіп барыпты. Ата-анасының үшінші перзенті. Алдында екі ағасы, өзінен кейін бір сіңлісі бар.

«Таэквондомен үшінші сыныптан бастап айналысамын. Өзіммен бірге сіңлімді ертіп жүрдім. Жекпе-жек спорт түрлері әдетте ер адамға тән ғой, ата-анам қарсы болатын шығар деп ойладық. Бірақ «жарақат алмасаңдар болды, көңілдерің қалса шұғылданыңдар» деді олар. Міне осылайша төрт мүшесі сау спортшылармен қатар жаттығып жүрдім. Біраз уақыттан кейін жарыстарға араласа бастадым. Алғашқы бапкерім Павлодар қаласынан демеушілер тауып, Филиппин елінің Манила қаласында өткен Азия чемпионатына қатыстым. Осы жарыстан кейін пара спорт туралы бірнеше бұқаралық ақпарат құралына пікір бердім. Әрі осы жарыстан кейін қарым-қабілетімнің деңгейін көріп, Алматыдағы спорт клубынан шақырту алдым. Мұнда жүріп, ел ішіндегі бірқатар жарысқа қатыстым. Артынша ұлттық құрамаға шақырту алдым», - деп Кәмила әңгімесін бастады.

Кейіпкеріміз сөзін жалғай отырып, өмірге қадам басқан алғашқы күні алған жарақаты туралы сыр бөлісе келе ара-тұра кездесетін қиындықтары жайлы қозғап өтті.

«Анамның жатырынан шыр етіп дүние есігін ашқан сәтте оң қолымнан жарақат алыппын. Мұны акушерлік жарақат деп атайды. Содан оң қолым сал болып қалған. Сәби күнімде өзіме білінбегенмен, бертін келе ыңғайсыздықтары сезіле бастады.

Қолымда жарақат болғандықтан мектепте оқып жүргенімде, жалпы өмірде қолайсыз жағдайларға жиі тап болатынмын. Мысалы, мектептен қайтқанда сөмкем жеңіл болғанмен, көтеріп алып жүру ыңғайсыз. Студент кезімде де осындай қолайсыздықтар мен қиындықтарға жиі кездесіп тұратын. Денсаулығы қалыпты қатарластарым бірден істейтін істі мен бірнеше рет қайталап жасаймын. Физикалық жаттығуларды жасағанда да дәл солай», - деді спортшы қыз.

Әңгіме арасында Кәмила қолының сал болып қалғаны маңдайына жазылған қиындықтың кішкентай бір бөлігі ғана екенін, ол үшін ешнәрсеге мойымайтынын тілге тиек етіп кетті.

«Өмірде біреуге масыл болып, ауыртпалығымды салғым келмейтін. Бұл ата-анамның бала күнімнен санама сіңірген тәрбиесі. Бәрін өзім жасауға тырысатынмын. Ылғи алға ұмтылып жүремін. Тағдырдың бергеніне ризамын. Жаратқан көтере алатын қиындықты ғана мойныма арқалатты. Егер бұл сынаққа шыдамасам әлдеқашан сынып кетер ме едім. Бірақ өмір күресуден тұрады ғой. Қалған дене мүшелерімнің, ақыл-есімнің сау болғанына қуанамын. Осындай ойлар алға жетелейді, мүмкін өмірден өз орнымды тапқандығымнан шығар. Сондықтан болар, татамиде жаттығып жүргенде өзімді төрт мүшесі түгел адамнан кем сезінбеймін. Спорттың тылсым күші міне осында жатыр. Сол себепті де паратаэквондодан кеткім келмейді», - дейді. Бұл Кәмиланың спортқа деген махаббаты мен оған қаншалықты берілгенін білдірсе керек.

Әңгіме арасында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысын қаншалықты арттырғанын айрықша атап өтті.

«Мемлекет тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлініп, спортқа қолдау көрсетілмесе параспортта жүрген жандардың бәрі таңын атырып, кешін батырумен ғана өмірін өткізер ме еді. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандарға еш жерде параспорт секілді тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Осы мүмкіндіктің арқасында, өзіміздің қоғамға қажет екенімізді сезінеміз, Қазақстанның намысын халықаралық деңгейлерде қорғауға талпынамыз (шамамыз келгенше қорғап жүрміз). Қазіргі жеткен жетістіктеріміз бен өмірден өз орнымызды табуымызға үлкен жол ашқаны үшін Отанымызға, мемлекетімізге шексіз ризамын. Жарыстарға дайындық, ішер асымыз, қажетті құрал жабдықтарымыз, тіпті киім-кешектерімізге дейін тегін. Жаттығу жағынан да ешқандай қиындық көрген емеспіз. Тұрақты жалақымыз бар, халықаралық бәсекелерден орын алып келсек, қомақты сыйақылары тағы бар. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірдің кірпіші болып қалануына, жұрт қатарлы өмір сүруіне жасалып жатқан үлкен қамқорлық», - дейді ол.

Сөзін жалғай отырып, спортшы қыз денсаулығы қалыпты спортшылармен бірге жаттығу жасайтынын, бұл спортшылардың өзара достық, сыйластық қарым-қатынаста болуына үлкен әсер ететінін жетізді.

Жаттығуында ешқандай қиындық болмағанмен, үлкен жетістіктерге жетуіне қажетті қазіргі заманға лайық жаңа құралдар да қажет екенін ойға салды. Дайындықтың қазіргіден де өнімдірек болуы үшін Daedo электронды жүйесі қажет (бағасы да арзан емес). Бұл электронды жүйенің артықшылығы көп. Мысалы, күнделікті жаттығу жасағанда кемшін тұстарын көрмей қалып жататын сәттер болады. Спортшының қателесіп тұрған жерін Daedo электронды жүйесі тұп-тура, айна-қатесіз көрсетіп береді. Ол бір киім іспеттес, аяққа электронды шұлығын киіп, тебетін болса ұпайын есептейді. Жаттығушы өзінің жарыстарға қаншалықты дайын екенін, жаттығудың қай жерін күшейту керектігін электронды балл арқылы көріп отырады.

«Электронды шұлығына қолым жетті, енді протекторын алып алсам деймін. Міне осындай болмашы нәрсе аздап қиындық тудырып тұр. Алдымда үлкен екі жарыс бар», - деп Кәмила көкейінде тұрған осы мәселені де ойға алды.

Осы сұхбат арқылы демеушілік ететін адамдар табылады деп үміттенеміз.

Кәмила сөз соңында паратаэквондода жас шағынан ешқандай шектеу жоқ екенін тілге тиек ете отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортпен шұғылдануға шақырды.

«Спорт әрекет, әрекет – өмірдің заңы. Біз неғұрлым қозғалыста болсақ, өміріміз соғұрлым жанды әрі мәнді болмақ. Мысалы, паратаэквондодан ұлттық құрамада 45 жастағы Жұмағали деген ағамыз кәсіби түрде айналысып жүр. Ол кісі Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Ал әйелдер арасында Токио Паралимпиадасында чемпион атанған апамыздың жасы 42-ге келді. «Өмірде ешқашан ештеңе кеш болмайды» дейтін қағида осы параспортқа қаратып айтылған сияқты», - деп Кәмила әңгімесін аяқтады.

Кәмиланың жүзіндегі жарқын мен сөзіндегі жалын өзгелерге де рух бергендей. Ондай рух болмаса шаршы алаңда атой салу қиын. Өмірге құштарлық, алға ұмтылуға деген құлшыныс спортпен біте қайнасып жатады. Кәмиланың жағдайына келсек, майдан алаңындағы мақсат айқын. Алдыңдағы қарсыласыңды жеңуің керек. Мұндай шақта қиындықтың кез келген атауы ұмыт болады. Тас түйін болып бір жерге шоғырланған ойың, күшің, жігерің жеңіске жеткенде кеудеден жалын болып атқылайтын шақ – спортшының ең бақытты сәті. Ең бастысы артта тұрған қара орман халқы, туған елі мен Отаны осы сәтті демін ішіне алып отырып күтеді. Сол сәтте мүлт кетпеу үшін ол айлар, жылдар бойы тоқтаусыз тер төгеді. Міне спорттың басты арбайтын сиқыры да, ауыр жауапкершілігі де осында. Тағдырына жазылған жеке сынақтарды жеңе отырып, ел намысын қорғау биігіне көтерілген параспортшыларымызды қолдау, демеу, жетістіктерін көпке жариялап, өнеге, үлгі ретінде ұсыну елдіктің ісі болса керек.