Түркияға қоныс аударған қазақстандықтар жер сілкінісінен кейінгі жағдай туралы айтты
Түркиядағы апатқа Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан ресми көмектен бөлек сол жақта тұратын қазақ халқының жергілікті тұрғындарға көрсетіп жатқан көмегі зор. Зардап шеккен аймақтарға барып қолдан келгенше қолдау білдіріп жатқан отандастарымызға түрік халқының айтар алғысы шексіз. Бұл туралы Түркияда тұратын қазақстандықтар Azattyq Ruhy тілшісіне айтып берді.
«ҰШАҚ БИЛЕТТЕРІ ӘДЕЙІ АРЗАНДАТЫЛДЫ...»
Қазақстандық Әлпеш Дилер Түркияға 2018 жылы қоныс аударған. Қазір отбасымен Ыстамбұл қаласында тұрады.
«Ыстамбұлда жағдай қалыпты. Бұл қала елдің батысында орналасқан, ал зілзала болған жерлер елдің оңтүстік-шығысында болып отыр. Қазір біздің қалада арнайы орындар ашылды. Апаттан зардап шеккендерге жергілікті халық көмек көрсетіп жатыр. Түркияда 10 бірдей шаһарда жер сілкінді. Жалпы, адам шығыны 30 мыңнан асуы мүмкін дейді. Мыңдаған ғимарат, үйлер жермен-жексен болды. Оны қалпына келтіру үшін қыруар қаражат қажет. Бұл елдің экономикасына да зарары мол апат болып отыр.
Қазір бүкіл ел жиналып, зілзала болған аймаққа барынша көмек көрсетіп жатыр. Қазақтар да қолдан келген көмекті аямай көрсетуде. Ыстамбұлдың әр ауданында арнайы орындар ашылды. Апат болған жерге көрпе, бас киім, іш киім, шұлық, жеке бас гигиенасы заттары, азық-түлік, су, телефон қуаттағыш, жылытқыш, жөргектер мен жылы киімдер қажет. Жұрт болып ауыртпалықты бірге көтерісіп жатырмыз. Барлық барлық ұлт өкілдері көмек беруде. Түркияның актер, әншілері де қайырымдылық жасап жатыр.
Қазір ерікті ретінде апат болған аймаққа көмекке баруға да болады. Ұшақ билеттері әдейі арзандатылды, небәрі 100 лира ғана. Ол дегеніңіз 2500 теңгедей. Жарақат алғандар үшін қан тапсыруға болады. Бәрі қолдан келгенше көмек қолын созып жатыр», - дейді отандасымыз.
Ол Түркияда тұратын қазақтардың әр жерден топтасып қаржы жинап жатқанын жеткізді.
«Бұл жақта қаншама қазақ бармыз. Бәріміз бірігіп қаржы жинап жатырмыз. Ыстамбұлдың өзінде бірнеше жерде қаржылай көмек жиналып жатыр. Кеше ғана бір топта бір күн ішінде 25 млн теңге жиналды деген ақпаратты естідім. Дәл осындай топтар басқа да жерлерде жиналуда. Одан бөлек басқа қалада тұратын қазақтар да дәл осындай көмек жасап жатыр.
Жиналған қаражатқа азық-түлік, киім-кешек, төсек орындар алынып жатыр. Мысалы күні кеше Бурсадағы қазақтар жиналып, апат болған аймаққа көмек ретінде киім-кешек жіберді. Көмек көрсетіп жатқандар қатарында студенттер, Қазақстанның әншілері, сауда-саттықта жүрген қазақтар бар. Бәріміз бір болып, жұмылып жатырмыз. WhatsApp, Facebook, Telegram сияқты желілерде тобымыз бар. Сол жерде бір-бірімізге хабарласып, сөйлесіп отырамыз. Өз басым Ыстамбұлдағы күллі қазақты білемін», - дейді Әлпеш Дилер.
Әлпештің өзі Түркияға қоныс аударғанға дейін отандық БАҚ-та тілші болып жұмыс істеген. Әріптесіміз журналистік тұрғыдан елдегі жағдайға баға берді.
«ЖЕР СІЛКІНІСІ ҚАТАРЫНАН ЕКІ РЕТ БОЛМАЙДЫ»
«Түркия билігінің жасап жатқан жұмыстарына орташадан жоғары баға берер едім. Зілзаладан кейін сол жақтағы AFAD, яғни төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды. Негізі осындай апатта ТЖД күштері көрші қала, облыстардан келеді ғой. Ал бұл жақта көршілес 10 облыста сілкініс бірдей уақытта болып тұр. Төтенше жағдай қызметкерлерінің өздері де апат кезінде қаза тапты. Мұны да ұмытпаған жөн. Арнайы күштер елдің батысынан жіберілді. Ол да уақытты алды. Жай күннің өзінде ол жаққа жету оңай емес, ұзақ жол. Республикалық маңызы бар жолдар да зарар көрді. Жалпы ғылыми тұрғыда жойқын сілкіністің артынан тағы жойқын сілкініс болмайды. Бұл жерде 2 рет жойқын зілзала тіркелді. Бірінші сілкіністен кейін бірнеше дүмпулер болды, тіпті әлі жалғасып та жатыр. Дүмпулердің күшінің өзі 3-5 балдық кәдімгі сілкіністер. Олардың ошақтары жер бетіне өте жақын орналасқан. Бұл да құтқару жұмыстарына да кедергі келтіруде.
Бұл апатқа ең аз дегенде 1500 техника жұмылдырылуы керек. Ол техникаларды жекеменшік фирмалардан жалға алу да уақытты алады. Сондықтан алғашқы екі күн мардымсыз болды. Тек үшінші күні сарбаздар, әскерилер, полицейлер келіп, іс өне бастады. Басы Қазақстан болып, қаншама шетелден құтқарушылар, арнайы күш топтары келді. Қазір, шүкір, барлық жағдай жасалды. Билік шатырлар құрды. Аталған шатырға аймақта туыстары барлар қалып жатыр. Туыстары жоқтар, елдегі Мерсин, Анталия, Бодрум сиякты туристік қалаларға кетіп жатыр.
Билік жер сілкінісінен зардап шеккен барлық отбасыға шамамен 1000 доллар берді және халық боп жинап жатқан қаржылай әрі гуманитарлық, әлеуметтік көмек те беріліп жатыр», - дейді Әлпеш.
Апат айтып келмейді деген отандасымыз аяқасты басталған сілкініс жай жатқан елді абдыратып тастағанын айтты.
«Жалпы жер сілкінісінің қашан және қай уақытта болатынын ешкім білмейді. Нақты айтатын техника да жоқ. Тек болжам түрінде ғана айтылады. Мысалы Ыстамбұлда да 100 пайыз үлкен жер сілкінісі болады, бірақ қай күні, сағат нешеде болатынын ешкім біле алмайды. Бәлкім, ертең, бәлкім 1 айдан кейін, бәлкім 10-20 жылдан кейін. Ең жақсысы мұндай жағдай ешбір елде болмай-ақ қойсын деп тілеймін!
Ал бүгінгі аймақтарда дәл осындай жер сілкінісі ешқашан болмаған. Қираған ғимараттар, құлаған үйлер 1999 жылға дейінгі үйлер. Ол кезде үй саларда арзан материал қолданылып жүрді, аса көп тексеріс болмайтын. 1999 жылғы Гөлжіктегі үлкен жер сілкінісінен кейін бәрі тексерістен өтетін болды. Сондықтан құлаған ғимараттардың көбісі ескі.
Жалпылай алғанда бұл өте жойқын жер сілкінісі. Ошағы Түркияда болғанына қарамастан, Грузия, Ливан, Сирия, Иран, Израиль, Ресей елдерінде сезілді. Сирияда да адам шығыны аз емес. Дүние жүзі бойынша болған ең үлкен апаттардың бірі десек те болады. Мыңдаған ғимарат бір уақытта құлады. Ешбір елдің осындай апатқа қарсы үлкен құтқару тобы дайын тұрмайды. Еуропаның дамыған елдерінің бірі Германияда да өткен жылдары сел апаты болғанда мыңдаған адам үйлерінен шыға алмай құтқарушылардың күткен еді. Сондықтан мәселе биліктің дайын болып немесе болмауында емес, мәселе зілзаланың жойқындылығында», - дейді отандасымыз.
Сондай-ақ ол елде интернет магазин, трендиол сияқты сайттар тапсырыстарды тегін тасып жатқанын қоса айтты. Апат уақытында жасалған тапсырыстардың қаражаты қайырымдылық мақсатында зардап шеккен орындарға жіберіліп жатыр, дейді әріптесіміз.
МЫҢ ЖЫЛДА БОЛАТЫН ЖЕР СІЛКІНІСІ
Түркияның Бурса қаласында тұратын Бибігүл есімді тағы бір қандасымыз апат басталғаннан кейін сол жерде тұратын қазақтармен байланысқа шығып қажетті көмек көрсетіп жатқандарын жеткізді.
«Біз Бурса қаласында тұратын 15-20 қыз болып жиналып, қажетті керек-жарақтарды алып, көмек керек аймақтарға жібердік. Жалпы Түркияның әрбір қаласында қазақ-түрік қауымдастықтары бар. Сол қауымдастықтардың барлығы қаржылай көмек көрсетіп жатқанын білемін. Әр адам өзінің жағдайына қарай жиналып, ең қажетті деген заттарды алуға тырысып жатырмыз.
Менің Түркияға қоныс аударғаныма 6 жылдай болды. Осында тұрмысқа шыққандықтан апат басталғаннан кейін елге кету деген ой болған жоқ. Оның үстіне жақсы күндерде тұрып, елдің басына осындай қиындық туғанда отанға қайту қашқанмен тең деп ойлаймын. Бұл менің түсінігімде – теріс дүние, сондықтан не көрсек те көппен көреміз деп отырмыз.
Апат болып жатқан жерлердегі қарапайым халық әрдайым дұғамызда. Алла сабыр берсін дегім келеді. Шынымды айтсам әлі күнге дейін болып жатқан жағдайдан абдырап қалдық. Сенер-сенбесімізді білмей жүрміз. Өзім Павлодар облысындағы Баянауылдың қызымын. Бұрын жер сілкінісі дегенді мүлде көрмеген едім. Осында келіп көріп жатырмыз. Мың жылда болатын жер сілкінісі осы Түркияда болып отыр екен. Жақындарынан айырылған барлық жандарға сабыр тілеймін! Алла амандық берсін!» - деді отандасымыз.