Шетелдегі табыс көзі, жергілікті халықтың мәдениеті: Лондонда жұмыс істейтін бойжеткен өмірі жайлы

Автор: Сағыныш Ибрагим

Аяна Бекешева сырттан келіп жұмыс істейтіндерге Ұлыбританияда жасалған жағдай туралы айтты

Табыс тауып, жағдайын жақсарту мақсатында өзге елге жұмысқа кететін отандастарымыздың қатары күннен-күнге артып келеді. Бірі отбасын асырау үшін білмейтін, бұрын көрмеген жерде тұруға тәуекел етсе, енді бірі табыспен қоса өзін де дамытқысы келеді. Шетелге жұмысқа баратындардың басым көпшілігін жастар құрайды. Осындай отандасымыздың бірі – қазақстандық  Аяна Бекешева. Ол өткен жылы ағылшын еліне табыс табу мақсатында уақытша қоныс аударған. Ұлыбританиядағы фермалардың біріне жұмыс істеген бойжеткен ол жақтағы күнкөрісі мен жұмыс күшін желіде жариялап отырады. Аяна шетелдегі өмірі туралы Azattyq Ruhy тілшісіне айтып берді.

19 ЖАСЫНДА ШЕТЕЛДЕ ЖҰМЫС ІСТЕУДІ АРМАНДАПТЫ

23 жастағы бойжеткен шетелде жұмыс істеу мүмкіндігі алғаш пайда болған сәттен-ақ еш ойланбастан құжаттарын жинауды бастапты.

«Өзім Балқаш қаласында туып, Сәтбаев қаласында өстім. Қазір отбасыммен Қарағандыда тұрамыз. Қаңтар айында 23 жасқа толдым. Қарағанды банк колледжінде «есеп және аудит» және Қарағанды экономикалық университетінде «экономист» мамандығын бітірдім. 18 жастан 20 жасқа дейін Халық банкінде, ал келесі 2 жыл «Қазақмыста» жұмыс істедім.

Шетелге кету туралы ой алғаш 19 жасымда пайда болды. Ол уақытта банкте жұмыс істеп жүрген едім. Күнделікті уақытымды үйреншікті жұмысқа барып келумен өткізгім келген жоқ. Өзім білмейтін жерлерді, өзге де қызықтарды көруге әрдайым талпынатынмын. Бір сөзбен айтқанда өмірімді кеңседе қамалған күйде өткізгім келмеді. Міне осыдан бастап шетелге шығу жолдарын іздеп жүрдім. Стюардессалардың жұмысына қатты қызығатынмын, себебі ол табыс таба жүріп, көп елге саяхаттайды. Бірнеше рет стюардессалық жұмысқа тұруға тырысқаныммен өте алмадым. Десе де, шетелде жұмыс істеудің өзге жолын таптым», - дейді бойжеткен.

Аянаның шетелге шығудағы басты мақсаты тек ақша табу емес. Ол саяхаттау арқылы тіл үйреніп, өзін дамытуды өмірлік мақсаты еткен.

«2021 жылы ғана шетелде жұмыс істеу және саяхаттау мүмкіндігі туралы естідім, уақыт жоғалтпай, еш ойланбастан Англияға көшу туралы шешім қабылдадым. Әрине алғашында жұмысқа орналасу бойынша қиындықтар болғаны рас. Барлық құжаттарды толтырып, виза алып бергу уәде еткен алаяқтарға үш рет алданып қалдық. Бұл бағытқа алғаш рет мойын бұрып тұрғаннан кейін әрі біліміміз болмаған соң көп нәрседен хабарсыз едік. Бірақ талпынысымды тоқтатқан жоқпын. Ізденіп, сұрастыра келе соңында мұның бәрі тегін және бәрі қолжетімді екеніне көзім жетті.

Достарымызбен бірге 2022 жылы Англияда ауыл шаруашылығы саласы қызметімен айналысатын компанияға сауалнама толтырдық. Екі апта өткеннен кейін аталған компания бізбен байланысқа шығып, онлайн сұхбат жүргізді. 2,5 ай ішінде біз барлық құжаттарды жинадық, сұхбаттастық, виза алдық. Міне осындай тығырықтардан өтіп барып Англияға ұшып кеттік», - дейді ол.

«ТАБЫСЫМЫЗ – АЙЫНА 1,7-1,8 МЫҢ ФУНТ СТЕРЛИНГ»

Аяна Англияға өзге де қазақстандық азаматтармен бірге аттанған. Олар алғашында фермада өнім жинаумен айналысып, кейін қонақүйлердің біріне жұмысқа орналасқан екен.

«Біз фермада алма жинау жұмысымен айналыстық. Бірінші жұмыс аптасы сағатына төленді. Жұмыстың бір сағаты 10,10 фунт стерлингті құрады. Екінші аптада бізге жинаған өнімімізге қарай ақы төленді және 1 адамға 3-4 үлкен қорап алма жинау керек болды. Алмаға толы бір қораптың салмағы 330 келіні құрайды. Ал қораптың құны 20-23 фунт. Арада екі апта өткен соң біз Лондонға жол жүріп кеттік, себебі жаздың ыстық болуына байланысты фермада жақсы өнім болмады. Қазір Лондонда жұмыс істеп жүрміз, әзірге осы қаланы тұрғылықты жеріміз деп айтуыма болады. Бұл қалада достарыммен бірге қонақүйдің бөлмелерін жинаймыз. табысымыз – айына 1,7-1,8 мың фунт стерлинг. Яғни осы жұмысымыз үшін жалақымыз теңгемен есептегенде айына 800-900 мың теңге болады», - дейді бойжеткен.

Ол Ұлыбританияның ауыл шаруашылығына да тоқталып өтті. Аянаның айтуынша, елге сырттан келіп жұмыс ісейтіндердің негізгі бөлігін ТМД елдерінің азаматтары құрайды. Бұл британдықтар үшін де тиімді көрінеді.

«Бұл елде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Олардың жыл сайын жоғары мөлшерде өнім жинауға, баптауға арналған технологиялары бар және әртүрлі инновациялар енгізілген. Ылғалды климат пен жиі жаңбыр егіннің шығуына көп ықпал етеді, бірақ бұл басты ерекшелік емес. Ең бастысы жұмыскерлердің – өз ісіне деген ұқыптылығы маңызды.

Оларға жұмыс күші қажет болғандықтан, британиялықтар жұмыскерлерді ТМД елдерінен алады. Өйткені біздің атқарған жұмысымыз үшін ақы төлеу олар үшін де, біз үшін де тиімді. Сол себепті көптеген адам ақша табу үшін өзге мемлекеттерге кетеді. Фермада жұмыс істейтін жастар да өте көп. Десе де, ересектер де қалыспайды. Барлығы бір деңгейде жұмыс істейді», - дейді Аяна.

Ол қазіргі уақытта жұмыс күші аса бағалана бермейтінін, жұмыс қанша ауыр болса да, соған сай жалақының төленбейтінін тілге тиек етіп өтті. Нәтижесінде адамдар күнін көру үшін бірнеше ауыр жұмысты қатар алып жүруге мәжбүр дейді.

«Көбісі шетелге не үшін кетеді дейсіз?! Себебі біздің күнкөріс деңгейіміз, қажеттілігіміз өте жоғары болғанмен өңірлерде төленетін жалақы аз. Көбісі өз отбасын асырай алмағандықтан елінен тыс жерге жоғары жалақы алатын жұмыс іздеуге мәжбүр. Шындығында, мұнда жұмыс іздеп келген адамдардың барлығы өз елдерінде де жұмыс істеуге дайын, бірақ тиісті деңгейде ақысы төленсе екен дейді.

Біз Англияға өткен жылдың қыркүйек айында келдік. Наурыз айында үйімізге қайтамыз, себебі визамыз тек жарты жылға беріледі», - дейді Аяна.

ИТТІ ҚАТТЫ ҚҰРМЕТТЕЙТІН ХАЛЫҚ

Отандасымыз Ұлыбританиядағы өмір, британиялықтардың мәдениеті мен ешкімге ұқсамайтын түсініктері жайында айтып берді.

«Жергілікті тұрғындардың түсінігі бойынша олар өздерінің және басқа адамдардың уақытын өте жоғары бағалайды деп айта аламын. Сіз орындаған жұмысыңыз үшін міндетті түрде ақы аласыз. Алдап, ақшаңды жеп қою деген түсінік мүлдем жоқ. Сондай-ақ олар сіздің барлық жұмысыңызға құрметпен қарап, алғыс білдіреді.

Бір байқағаным олар иттерді өте жақсы көреді және оларды балалары сияқты бағалайды. Олардың түсінігі, өмір сүру қағидасы бәрі мүлдем басқаша. Бірақ бұл елген келгенімізде жергілікті британ халқымен тіл табысуда ешқандай қиындық болған жоқ.

Өз басым Англияда өмір сүру сапасын өте жақсы бағалаймын. Кемшіліктері – бұл тұрғын үй және көлік мәселесі болуы мүмкін. Десе де, біз алатын жалақы бұл шығындарды толығымен ақтайды.

Өзге елге шығып жұмыс істегісі келетін өзім сияқты жандарға жаңа нәрсені байқап көруден қорықпауға, өзін дамытуға ұмытылуға және осы жолда жайлылықтан шығуды кеңес етер едім. Көп адам тәуекел етуден қорқады. Егер ісіңіз өзіңіз ойлаған жоспар бойынша жүрмесе де ешқашан үміт үзбеңіз, қолыңызды сермеп, бас тартпаңыз, «ер азығы мен бөрі азығы – жолда» деп тек ары қарай жүріңіз. Әрбір істің бір қайыры болады», - деп сөзін түйді Аяна Бекешева.