«Бір күнде 6,5 миллион теңгені салып жібердім» - құмар ойынға салынған шымкенттік жігіттің хикаясы

Автор: Azattyq Rýhy

Жандос осы уақытқа дейін 80 миллион теңгені ойынға құртқан

24 жастағы  Жандос Рүстемұлы 10 жылы бойы құмар ойынына салынып, осы аралықта 80 миллион теңгеден аса қаражатын құртқан. Бүгінгі таңда ол Нұр-Сұлтандағы құмар ойын мен ішімдікке салынғандарды емдейтін орталықта ем алып, волонтер ретінде жұмыс істеп жүр. Azattyq Ruhy тілшісі оңалту орталығына барып, Жандостың хикаясын өз аузынан естіп қайтты.

БӘРІ СПОРТҚА БӘС ТІГУДЕН БАСТАЛДЫ

Жандос Рүстемұлы  спорттық ойындарға ставка қоюмен 14 жасынан бастап айналысқан.  Ойындарға бәс тігу спортқа деген қызығушылықтан бастау алған.

«Мен 7 жасымнан бастап кәсіби футболмен айналыстым. Күніне балалармен 4-5 сағат жаттығуға баратынбыз, содан шыққаннан кейін жанымдағы достарымның ақша тігіп жүргенін көрдім. 11-12 жасымнан бастап ойын автоматтарын ойнай бастадым да, кейін тастап кеттім. Толық ойнауды 14 жасымнан бастадым. 500 теңге салып, 3-4 мың теңге алу біз үшін кәдімгідей қуаныш еді. Оның үстіне жаның қиналмай ақша табуға болады екен ғой деп ойладым. Осылайша  әуестігім басталды. Қазір санасам, 10 жылдың ішінде 80 миллион теңгеден аса ақшаны желге шашыппын»,-деді ол.

Жандос жоғары оқу орнын аяқтай алмаған. Оған да құмар ойындары себепші болған. Кәсіп бойынша жұмыс істеуді ойламаған жас жігіт ағаларының қоластында көмекші болып, қаражат тауып жүргеніне қанағаттанған.

«Әкем сәулетші болғандықтан, мені де сол мамандыққа түсірген еді. Бірақ оқуымды аяғына дейін оқымадым. Себебі өзімнің ол мамандыққа аса қызығушылығым болмады. Ойымның бәрі ұтыс тігу, ақша табу болды. Көбінесе үлкен ағаларымның қоластында көмекшілері болып істедім. Айлық табысым өзіме жететін, ағаларым маған жақсы ақша беретін»,-дейді кейіпкеріміз.

«ӨТІРІК АЙТУҒА ӘБДЕН МАШЫҚТАНДЫМ»

Жандостың құмар ойынға тәуелді болғанын жанұясы 20 жасқа келгенде бірақ білген. 17-18 жасында әке-шешесі кенже ұлдарын емшіге апарып, кейіннен ақыл кіргенде «өзі қояды» деп аса мән бермепті. Дегенмен Жандос қарызға белшесінен батқанша, зиянды әдетінен бас тартуды ойламаған. 

«Қарызға белшемнен батып, шегінерге жол болмаған кезде емделу керек екенін түсіндім. Ата-анам да «осындай орталық бар екен, емделіп көрсең» деп ұсыныс тастады. Бастапқыда бұл орталыққа келгім келмеді. Ұлым бар, жұмысым, одан бөлек, миллиондаған қарыздарым бар. Сөйтіп соңында басқа өмір бастау керек екенін ұқтым. Көлігімді де ақшаға салып жіберген едім. Жұмысым да болмады, амал жоқ орталыққа келдім. Бірақ қазір ол шешіміме еш өкінбеймін»,-деп сырын ақтарды кейіпкеріміз.  

Жеңіл ақша табуға әуестенген Жандос өтірік айтуға да әбден машықтандым дейді. Тіпті отбасындағылар үйге ақшаларын әкелмей, бағалы заттарын одан жасырып жүретін болған.

«Иллюзияға кіріп кетіп, өзіңнің айтқан өтірігіңе өзің сенесің. Ақша керек кезде мен бәрін алдын ала ойластырып, кімнен, қанша ақша аламын, не деп сұрайтыныма дейін дайындалып баратынмын. Сосын ол өтірікті таныстарыма шынайы етіп жеткізетінім соншалық, олар «қойшы, шын ба не» деп бар қалтасындағы ақшасын береді. Бір адамнан 4,5 миллион қарыз алған кезім болды. Бір күнде 1,5 миллионнан үш рет алдым.  Сөйтіп үш-төрт сағатта 6,5 миллион теңгені ұттырып тастадым. Ол ақшаны қарызға берген танысым саудагер еді. Оны бір көлікті арзанға жедел алу керек, үстіне ақша қосып сатамыз. Одан түскен  пайдасын саған береміз деп алдадым. Жалпы адамдар жеңіл ақша табуға құмар келеді. Жеңіл ақша табуды айтсаң, көп адам алдана кетеді. Үйдегілер де соңғы кездері меннен бар ақшаларын тығып, бағалы заттарын жасыратын»,-дейді Жандос.  

ДЕСТРУКТИВТІ ОТБАСЫ

Орталықта кәсіби психологтармен жұмыс істеп, бүгінгі таңда консультант болуға дайындалып жүрген Жандос мұндай жолға түсуге әсер ететін бірнеше фактор бар дейді. Айтуынша, ең бірінші үйдегі отбасылық қарым-қатынастың әсері орасан.

«Ең алдымен, үйдегі отбасылық қарым-қатынастың  рөлі қатты әсер етеді. Отбасы деструктивті және конструктивті деген екі деңгейге бөлінеді. Деструктивті отбасында әке мен ананың қарым-қатынасы нашар болады. Үйде ақша үшін жиі айқай туындауы мүмкін, дастархан басында толық отбасы мүшелері арқа-жарқа болып отырып, тамақ ішпейді. Ал мұндай отбасында өскен бала да махаббат жетіспеушілігі болады.

Сосын бала ата-анасынан ала алмаған махаббатын сырттан іздейді. Өзін-өзі танып, бойында сенімділік қалыптастыруы үшін құмар ойынға, наша мен алкогольге әуестенеді. Мен бірінші категориядағы отбасынанмын. Өзімнен өзім үнемі қысылып жүретінмін.  Әрине құмарлыққа тәуелділікке өздігімнен жеттім. Бірақ менің ата-анам да жұмысбасты жандар еді. Ал конструктивті отбасында барлығы ортаға салынып, талқыланып, ақылдаса отырып шешіледі. Баланың ойы есепке алынады, оған ересек ретінде қарайды, қалауымен санасады»,-дейді.

Сонымен қатар кейіпкеріміз адамның ортасы да мұндай жолға түсуге жанама түрде әсер ететінін жасырмады.  Жандос отбасында төрт ағайынды. Үйленген, 3 жасар ұлы бар. Ойынның соңына түсіп, ақша үшін өтірік айтуға әбден машықтанған жігіт бүгінде жетім-жесірлерге қолұшын созып, өз күнәсін жуып-шаюға тырысып жүр.

«Аллаға мың да бір шүкір, өмірім басқа арнаға қарай өзгеріп жатыр. Осы жер менің өзім үшін жайлы. Себебі айналамда өзім сияқты адамдар және ондай адамдарға қолұшын созып жатқаным жаныма тыныштық сыйлайды. Көмекке мұқтаж адамдарға шамам келгенше қайырымдылық жасауға тырысамын. Күнәмді жуып-шайғым келеді. Ағаларыммен ақылдасамын. Келіншегім Шымкенттікі. Осыған дейін үнемі ойынның процесінде жүріп, жарыма да, балама да қарамайтынмын. Қазір оларға көп көңіл бөлуге тырысамын»,-деді ол.

МИДАҒЫ ВИРУСТАРДЫ ШЫҒАРАДЫ

Жандостың орталықта  волонтерлықпен айналысқанына екі ай болған. Сәуір айында сертификат алғаннан кейін, аталған орталықта өзі сынды құмар ойынға салынған адамдарға қолұшын созатын, кәсіби консультант маман болады.

«Мұндағы кеңесші мамандардың барлығы дерлік бір кездері араққа, наша мен құмар ойынға әуес болғандар. Олардан бөлек, орталықтың кәсіби психологтары бар. Емделушілерге ешқандай дәрі берілмейді, екпе салынбайды. Тек адамдардың ішкі әлемі, психологиясы, таным-түсінігімен жұмыс жасайды. Яғни мидағы вирустарды шығарумен айналысады. Ақылы, заңды түрде жұмыс жасайды. Ата-анамызбен келісімшартқа отырады»,-дейді.

Ал орталық басшысының айтуынша, орта есеппен бір айда мұнда келушілердің саны - 15-20 адамды құрайды.  Олардың 70% құмар ойынға салынып кеткен жігіттер. Жас аралықтары 16-дан басталып, ары қарай кете береді. 

«Бүгінгі таңда орталықта 14 адам емделіп жатыр, олардың 7-уі құмар ойынға салынып кеткендер екен. Үш адам алкогольге тәуелділікпен күресіп жатса, қалғандары жаңадан шығып жатқан нашаға тәуелділер. Біз емделушілердің жақындарының жағдайына қараймыз. Ата-аналарының әлеуметтік жағдайы төмен болса, жетінші дәстүріміз бойынша, елу пайыз жеңілдік қарастырамыз. Жалпы оңалту орталығындағы бір айлық баға  - 300-350 мың теңгенің аралығында. Бір жылға кепілдік береміз»,-деді орталық басшысы.

АРАЛАРЫНДА ДЕПУТАТ, МИНИСТРЛЕРДІҢ БАЛАЛАРЫ БАР

Орталықтағы психолог Аманжан Именжанұлы емделуге келген жігіттердің көпшілігі арақ пен құмар ойындарына салынған болса, қыздар нашаға тәуелділіктен айығуға келетінін айтты.

 «Мұнда келушілердің көпшілігі жақсы отбасынан шыққан. Араларында депутат, министрлердің балалары бар. Яғни, көпшілігі әлеуметтік қиыншылық, жоқшылық көрмеген. Олар ақша табайын деп жүрген жоқ, тәуелділік ақшада емес. Олардың кейбіреуінің әйелдері: «Күйеуім мас боп ұйықтап жатқанда, қалтасынан 100 мың теңгені суырып алдым. Ертесі ол сол ақшаның есебін сұрамады, қалтасында қанша ақша бар екенін білмейді» деп айтады. Мұндағы бар проблема – махаббаттың, өзіне деген жақындарының назарының жетіспеушілігі ғана. Іштегі бос кеңістікті толтырып, «самоутверждаться» ету үшін, ләззат алу үшін олар осындай ойындарға әуес келеді. Оларға тек процесс қана қызық»,-дейді маман.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Тегтер: