Көлікті бес саусағындай біледі: жеке автомектебі бар кәсіпкер қыз

Автор: Сағыныш Ибрагим

Ол көліктің қыр-сыры туралы әлеуметтік желіде блог жүргізеді

Қазір ер азаматтармен бірдей әйел заты да кез келген көлік құралын еркін жүргізеді. Тіпті көлікті тануда ерлерден асып түсетін қыздар да аз емес. Сондай арудың бірі – атыраулық Жанна Мұқаева. Автокөлікті бес саусағындай білетін 22 жастағы бойжеткен көлікті шашып, қайта жинауға әбден машықтанған. Өзінің жеке автомектебі де бар. Ол қыздар қауымының көлік рөліне отыруы өмірлік қажеттілікке айналғанын айтады. Әлеуметтік желіде көліктің қыр-сыры жайында қазақша блог жүргізіп танылған қыз, бүгінде автокөлік бағытында бөлек бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отыр.

Azattyq Rýhy тілшісі әлеуметтік желіде көпті таңғалдырған Жаннаға хабарласып, көлікке деген қызығушылығы, көлік жүргізу ережелері мен жүргізуші қыздар жайында сұхбаттасты.

Жаннаның әкесінің көлік айналасында түрлі кәсібі бар. Бойжеткен автокөліктің қыр-сырын алғаш әкесінен үйренгенін айтады.

«Өзім Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласының тумасымын. Негізгі мамандығым – ағылшын тілі мұғалімі, аудармашы. Төрт жасымнан би өнерімен айналысамын. Жан-жақты болғанды жақсы көремін. Бүгінге дейін «Адам жасағанын, адам жасайды» деген қағидамен жүріп келемін. Тігін, бет әрлеу, кондитер, SMM-маманы, мобилография, бухгалетрлік, т.б курстарын оқып шықтым. Тіпті пианино, гитара, ән айтуды да үйрендім бірақ, ешқайсысы қызығушылығымды арттырмады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын әкем көлік алып берді. Содан бастап көлікке жақын екенімді түсіндім. Бұған дейінгі басқа жұмыстан мұндай ләззат алмаған едім. Адамның организмі сияқты көліктің моторы болады. Соны зерттегенді жақсы көремін.

Әкемнің көлік бағытында әртүрлі кәсібі бар. Оның ең негізгісі – автомектеп. Кішкентайымнан белгілерді жаттап, қолыма таяқ ұстап өзімше сабақ беріп, қызық көретінмін. Әкем ережеге қатты қарайды. Көлік алып бергенде, ең алғашқы талабы дөңгелегін ауыстырту болды. Қақаған қыста, аппақ тоныммен дөңгелекті 2 рет ауыстырғаным есімде. Карантин кезінен бастап, көлік туралы блогты қазақ тілде жүргізуді бастадым. Себебі, желіде көлік туралы көп мәлімет шет тілінде жазылған. Көлік жүргізуде көп ақпаратты интернеттен алғаннан кейін, білгеніммен бөліскім келді», - дейді Жанна.

Көлік жүргізуді білгенімен жол жүру мәдениетін білмейтіндер көп...

Көлік талғамаймын деген қыз жеңіл машинаның қай түрін болса да жүргізе береді. Әлеуметтік желідегі тұрақты оқырмандары оның еңбекқорлығына тамсана қарайды.

«Әзірге тек жеңіл көліктерді жүргіземін. Отбасымызда түрлі көліктер бар. Қайсысы бос, соған отырып, шаруамызбен жүре береміз. Осы уақытқа дейін басқа да кәсібім болды. Ол кәсіпті қазір жартылай тоқтатып, жаңа жобамен – автомектеппен айналысып жүрмін. Қазіргі категориям ВС1 , енді С , С1Е, Д1, ВЕ категориясын оқып тапсырамын яғни, автобус, тіркемесі бар көлік және тракторист-машинист категорияларын оқып жатырмын.

Кәсіппен 16 жасымнан бастап айналысамын. Биге қатысып жүрген кезімде қыз балаларға арналған би үйірмесін аштым. Кейін бір-екі жылдан соң той-мерекелерде өнер көрсететін би тобын құрдым. Екі кәсіпті үш-төрт жылдай жүргізіп, кейін жабуға тура келді. Қиындықтар болды. Сынып қалсаң аяғында ештеңесіз қаласың. Ал қайта тұрып, өзіңді алға қарай тартсаң кез келген қиындықты жеңіуге болады деп ойлаймын. Өмірдегі ең қиын күрес – өзіңмен күрес. Әлі күнге дейін күнде өзіммен жұмыс істеймін. Алланың берген ғұмырын босқа өткізгім келмейді», - дейді кәсіпкер қыз.

Жанна жол жүру ережесін ұстанбайтын жүргізушілердің кесірінен қазір жол апаты көбейіп кеткенін айтады. Ол көлік жүргізу кезіндегі негізгі ережелерге тоқталды.

«Өз блогымда жол жүру ережелерін үнемі айтып отырамын. Көп жүргізушілер көлікті қалай жүргізуді білгенімен көлік жүргізу мәдениетін ұстанбайды. Ол дегеніміз – жолда жүру ережелерін қатаң сақтай отырып, өзге көлік жүргізушісіне құрмет көрсету. Жүргізуші болу үшін алдымен жүйке жүйең мықты болу керек. Қазір болатын 10 жол апатының 9-на жүргізуші кінәлі. Сондықтан әр жүргізуші Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауы тиіс. Оның ішінде ең маңыздылары: ережелерді толықтай білу, қауіпсіздікті сақтау, жол жүру мәдениетін сақтау, жүргізуші алкогольдік, есірткілік, мас күйде көлікке отырмағаны дұрыс. Жүргізуші көлік тізгінін қолына алмас бұрын өзінің ғана емес, басқа да жолаушылардың жауапкершілігін ойласа келеңсіз жағдайлар болмас еді», - дейді Жанна.

«Елімізде автомектептер азайып барады...»

Оның көлік тізгінінде отырған әйелдер қауымына да айтары бар. Бойжеткен өзіне үйренуге келетін көп қыз-келіншектің көлік жүргізудегі негізгі мақсаты туралы айтып берді.

«Қазір жолда ер адамдардан бөлек нәзік жандылар да көп кездеседі. Шыны керек әйел адам көлікті ер адамға қарағанда ұқыпты жүргізеді. Бірақ бұл туралы қоғамда пікір екіге жарылған. Бір қызығы, әйел адамдар арасында жүргізуші куәлігін әкесінен, жарынан, досынан сыйлыққа алу сән болып кетті. Автомектептен қосымша білім алушылар аз, біреуден үйреніп алғанды жөн көреді.  Бұдан бөлек, көлік бұзылған жағдайда жөндей алмайтындары да рас, басты кемшілік осында деп ойлаймын. Көлік айдаған соң тілін де толық түсіну керек.

Автомектеп ашылғалы жеңіл көлік үйренуге қыз-келіншектер, апалар көп келеді. Кейбірі күйеуі жұмыста болған кезде үй шаруасы, бала-шағаны тасу үшін үйренеді, енді бірі жұмысына барып, өзі еркін жүруі үшін оқыса, тағы бірі такси болса да, ақша табайын деген мақсатта үйренеді.

Әйел заты табиғатынан тым көп ойланатыны рас және сезімге берілгіш. Кейбір қыздардың қате болса да өзінікін дұрыс деп шу шығаратын кездері болады. Осының барлығын іріктей келе қыз балалардың көлік жүргізуіне арналған жоба дайындап жатырмын. Жоба мазмұны әзірге құпия», - дейді Жанна.

Сондай-ақ жас қыз елімізде автомектептер азайып жатқанын айтып, көлік жүргізіп үйренудегі практиканың маңыздылығына тоқталды.

Ол алдағы жоспарымен бөлісіп, өзі секілді техникаға қызығатын, жеке ісін бастағысы келіп жүрген қыздар қауымына ақыл-кеңесін айтты.

«Кәсіп бастамас бұрын арнайы білім мен практика болғаны дұрыс. Қызығушылық пен ынта болса, бәрін істеуге болады. Тек ешкімнің сөзін тыңдамай адал еңбек етсеңіз болашақта оған ешкім ештеңе дей алмайды. Мен блог бастаған кезде, басқа аккаунттар видеомды салып қоятын болды. Желіде білгіштеніп, балағаттаудан басқа ештеңе білмейтін адамдар жетерлік. Менің блогыма әр адамның, достарымның, жақындарымның ойы әр түрлі болды. Бірақ мен ешкімді тыңдаған емеспін. Қазір күліп қараған адамдар көп жерлерде мені автомеханик деп таниды, «сен менен көп білетін сияқтысың» деп кейбіреуі қашып жатады. Енді бірі автомектеп туралы кеңес алып, тіпті клиент жібереді. Бұған жетуім біреуге өзімді дәлелдеу үшін емес, өзіме сеніп, ісімді жақсы көріп талпынғаным, бірақ мен әлі мақсатыма жеткен жоқпын. Алда көп жұмыс, съемкалар күтіп тұр.

Нәзік жандылардың көбі жекеме «рульге отырудан қорқатыным бар еді, сізді көріп мотивация аламын» деген хабарламалар жібереді. Сондай сәтте қатты қуанамын. Қыз баласы да көлікке жақсы қарай алады деген ұғым қалыптастырғым келеді», - деп сөзін түйді Жанна Мұқаева.