«Биді сезу деңгейі қарапайым адамнан кем түспейді»: қазақстандық жігіт аутист және есту қабілетінен айырылған балаларға бал биін үйретеді

Автор: Сағыныш Ибрагим

Қарағандылық Шахнұр Мусин бал биінің пайдасы туралы айтты

Аутизм және туғанынан есту қабілетінен айырылған балалардың кәсіби бишілермен қатарласа би билеуге мүмкіндігі бар. Күрделі би қимылдарын есте сақтап қайталау – мұндай бүлдіршіндер үшін үлкен жетістік. Қарағандылық Шахнұр Мусин аутизммен ауыратын балалардың биді сезу деңгейі қарапайым адамдардан кем түспейтінін айтады. Ол дамуында ерекшелігі бар балаларды спорттық биге үйретеді. Шахнұр – елорда тұрғыны. Жеке би студиясы бар. 28 жастағы жаттықтырушыға би үйренгісі келіп өтініш білдіретін ерекше жандардың қатары көп көрінеді.

Azattyq Rýhy тілшісі биші жігітке хабарласып, ерекше балалармен жұмыс барысы, олардың биді үйренудегі қабілеті мен бал биінің аутизммен ауыратын балаларға пайдасы жөнінде сұхбаттасты.

Ерекше балалармен жұмыс істеу оңай емес екені белгілі. Сондықтан жаттықтырушы әр баламен жеке жұмыс істейді.

«Елордада «Зергек» деп аталатын би лигам бар. Сонда жұмыс істеймін. Жасөспірімдер мен балаларды және үлкендерді де спорттық биге үйретемін. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдармен де жұмыс істеймін. Ерекше балалардың ата-аналары би өнеріне баулығысы келетінін айтып, өтініш білдіргенде бірден келістім. Өз бетімен қозғала алмайтын жандарды арбада билеуге үйреттім. Қазір тұрақты екі шәкіртім бар. Оның біреуі аутизммен ауырса, екіншісі есту қабілетінен айырылған», - дейді Шахнұр.

Шахнұрдың өзі биге кездейсоқ келген. Алғашында би үйірмесіне досына серік болу үшін барып, кейін би өнерін нағыз кәсібіне айналдырыпты. Ол спорттық би бойынша 2004 жылы ҚР чемпионы атанған. Спорт шебері және түрлі әлем чемпионаттардың қатысушысы.

«Бала кезімде биші боламын деген ой мүлде болған жоқ. Бірде жақын досымның анасы оны биге жазып досым мені өзімен бірге баруға шақырды. Көңілін қалдырмай келістім. Алғашында жай серік болу мақсатында барғаныммен сабаққа қатыса келе биге деген махаббатым ашылды. Досым биді екі-үш айдан кейін тастап кетті. Ал мен болсам 7 жасымнан бастап осы салада жүрмін. Тағдыр шығар деп ойлаймын. Бастысы қазіргі кәсібім өзіме қатты ұнайды», - дейді биші жігіт.

Ол ерекше балалармен жұмыс барысына кеңінен тоқталып өтті.

«Биде ерекше балаларға арналған арнайы әдіс жоқ. Басқа қарапайым адамдарға үйрететін әдіс-тәсіл қолданылады. Ерекше балалармен жұмыс істегеніме көп болмағандықтан оларға күніне 30-40 минут қана сабақ беремін. Себебі әрқайсысының қабілетіне қараймын. Сабаққа шыдай алуын, көңілі басқа жаққа ауып кетпеуін басты назарға алып отырамын. Ең бастысы жаттығулар немесе би қимылдарын барынша оңай бөліктерге бөліп үйретемін. Еске сақтауға жеңіл болатындай етіп дайындаймын.

Шынымды айтсам, ерекше балалармен жұмыс істеу үшін арнайы оқу оқыған жоқпын. Өз ісімді барынша махаббатпен істеймін. Сондықтан алдыма келген балаға толық көңіл бөлуге, бақылап отырауға тырысамын. Оның үстіне әр баламен жұмыс істеу үшін жеке тәсіл қажет. Бұл жерде жаттықтырушының тапқырлығы жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

Ерекше балалармен жұмыс істеу кезінде маңыздысы оқушының назарын ұстап тұру. Олар жан-жағына тез алаңдайды, жұмыс нәтижелі болу үшін сабақты өте жоғары қарқынмен өткізу керек. Іші пыспайтындай қызық болуы қажет. Сабақ барысында өзі жұмыс істеп көрсін деген түсінік жоқ, сіз барлық оқушыға 100 пайыз мұқият болуыңыз керек», - дейді Шахнұр.

Шахнұр би үйреткені үшін төленетін ақшаға талап қоймайды. Кім қанша бергісі келеді сонша төлейді дейді спорт шебері.

«Биді қабылдау кезінде қиындықтар болады, бірақ үйреніп шығуға әрдайым мүмкіндік бар. Ең бастысы шыдамдылық, еңбек және жүйелілік керек. Бір нысананы көздеген адам ерте ме, кеш пе өз мақсатына жетпей қоймайды. Мен жүргізетін сабақтар «донат» форматында өтеді, яғни төлену міндетті деген арнайы сома жоқ. Кім қанша қалайды сонша төлей алады.

Ерекше балалармен жұмыс істеген қысқа уақыт ішінде өтініш білдірушілердің көп екенін түсіндім. Десе де көптеген ата-ана мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін орталықтар туралы артық сұрай бермейді. Меніңше олар «жоқ» деген жауап алуды қаламайды.

Жоғарыда айтқанымдай тұрақты түрде айналысып жүрген Ескендір және Бекназар есімді екі оқушым бар, бірақ желі арқылы мен туралы естігендер хабарласып, балаларын тіркегісі келетінін айтып жатыр. Ерекше шәкірттерімді әзірге қандай да бір жарысқа дайындау міндеті тұрған жоқ. Өздерінің қызығушылық аясында ғана айналысып жатырмын», - дейді жаттықтырушы.

Ол қорыта келе бал биінің пайдасы жайында айтып, болашақ жоспарымен бөлісті.

«Би өнері бұл – әлеуметтену. Физикалық көрсеткіштердің дамуы. Биде икемділік, ырғақ сезімі дамиды. Шын мәнінде би тек ерекше балаларға ғана емес бәріне пайдалы. Билеу кезіндегі процеске мидың әр бөлігі қатысады. Бұл сәйкесінше жан-жақты дамуға көмектеседі.

Болашақта осы бағыттағы жұмысымды әрі қарай жалғастыра беремін. Оқушыларым күннен күнге көбейіп келеді. Жүргізген сабағым олардың оңалуына көмектеседі деп сенемін. Кішкене болсын үлес қосу мен үшін маңызды.

Алдағы уақытта арбадағы бишілерді тауып, жұмыс істегім келеді және даун синдромымен ауыратын балаларға сабақ беріп көрсем деймін. Ерекше қажеттілігі бар жандарға сабақ беру ұстаз ретінде өзіңді екінші жағынан ашуға көмектеседі», - дейді Шахнұр Мусин.

Елордалық ерекше балалардың ата-аналары Шахнұрға әлеуметтік желі арқылы хабарласып, өтініш білдіре алады. Биші жігіт әр баламен жеке айналысуға әрдайым дайын екенін жеткізді.