Коллекционердің топтамасындағы ең ерекше бас киім мыстан жасалған
Петропавлда өрт сөндірушілердің каскасын жинайтын коллекционер тұрады. Болатжан Асқарбековтің топтамасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Үндістан сынды өзге де шет елдерден әкелінген бас киімдер бар. Ал ең көне каска осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қолданыста болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Коллекционер – өрт сөндіру қызметінің ардагері. Қатардағы жұмысшыдан бастап, төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы лауазымына дейін көтерілді. Қауіп-қатерді еңсеріп, талай жанның өмірін сақтап қалған ардегер өзінің бас киімін де экспонаттар қатарына қосқан.
«Коллекция жеке каскамнан басталды. Оны талай өртті сөндіруге барғанда кидім. Тер мен ыс сіңген. Басқа каскаларды жөндеп, тазалатсам да бұны осы қалпында сақтауды жөн санадым. Сонысымен де құнды. Бас киімде қалған әрбір сызат менің қызмет күндерімнің куәсі. Коллекциямдағы ең көне каскаға 90 жыл болды. Оны қалпына келтіру үшін мамандарға тапсырдым. Өйткені әрқайсысына күтім қажет. Әсіресе көне заттарға», - дейді коллекционер Болатжан Асқарбеков.
Қазір коллекционер Петропавлдағы колледждердің бірінде дәріс оқып жүр. Өз коллекциясындағы заттарды сабақта студенттерге көрсетіп, көрнекілік ретінде де пайдаланатынын айтады.
«Қандай да бір заттардың коллециясын жинау – қосымша материалдық шығын мен уақытты талап етеді. Бұл менің сүйікті ісім. Қызметіммен байланысты бұйымдарды жинаған қатты ұнайды», - дейді коллекционер.
Болатжан Асқарбеков өрт сөндірушілердің каскаларынан бөлек, шеврон, медальдар мен түрлі кәдесыйларды жинайды. Зейнеткердің топтамасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Түркия сынды тағы басқа шет елдерден әкелінген каскалар бар. Әзірге саны 20-дан асады.
Коллекционердің топтамасындағы ең ерекше бас киім мыстан жасалған. Ол сонау үнді елінен әкелінген. Өрт сөндірушілер оны мерекелік шерулерге киеді. Коллекционер оны интернет арқылы 126 АҚШ долларына сатып алған. Ол ерекше бас киімдерді негізінен тапсырыспен алдыртатынын айтады. Ал кейбірін өрт сөндірушінің әріптестері мен туыстары сыйға тартқан.